27-09-19 | 13:21
Қытай Қазақстандағы инвестициясын қорғау жайлы айтты.
Қытай Қазақстандағы инвестициясын қорғау жайлы айтты

Қытай парламентінің спикері Ли Чжаньшу қазақ-қытай арасындағы инвестицияны қорғау, кедендік рәсімдеу және жұмыс істеуге рұқсат беру, қолайлы инвестицияға мүмкіндік жасау келісімдерінің жаңарған нұсқасын тез арада ратификациялау керегін мәлімдеді, – деп  Қытайдың мемлекеттік Xinhua жаңалықтар агенттігіне сілтеме жасап, Азаттық жазады.

Xinhua агенттігінің жазуынша, Қытай халықтары өкілдері жиналысының тұрақты комитетінің жетекшісі Ли Чжаньшу бұл мәлімдемесін Қазақстан сенатының спикері Дариға Назарбаева мен мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллинмен кездесуде айтқан.

Ли Чжаньшу Қазақстанға ресми сапармен 21-25 қыркүйекте келген еді.

Агенттіктің хабарлауынша, Ли Чжаньшу екі елдің парламенті «мемлекет басшыларының келісімін» бірлесе жүзеге асыру керегін айтқан. Қазақстан парламенті палаталарының спикерлері мен Қытай парламентінің басшысы қандай келісімге келгені жайлы қазақстандық ресми басылымдар жазбады. Қазақстан парламентінің ресми сайтында да Ли Чжаньшудың айтқаны жайлы ақпарат жоқ.

Қытай парламентінің жетекшісі Ли Чжаньшу Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде «әлемде және аймақта қандай жағдай болмасын екі ел бір-бірін құрметтеп, сеніп және қолдауы керек» деген.

Xinhua агенттігінің хабарлауынша, Ли Чжаньшу Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде «екі ел саяси қарым-қатынасты және әр саладағы серіктестікті күшейту керегін» айтқан.

11 қыркүйекте Қазақстан президенті әкімшілігі «Тоқаев пен Қытай президенті Си Цзиньпин кездесу кезінде 10 құжатқа қол қойғанын» хабарлаған. Ал Ли Чжаньшу айтқан «тез арада ратификациялануы тиіс құжаттар» жайлы Ақорда сайтында жазылмаған.

«Қытай мен Қазақстан энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы, технология, білім беру, спорт, мәдениет және туризм саласы бойынша қарым-қатынасты кеңейтуі керек» деген Ли Чжаньшу Тоқаевпен кездесуде.

Xinhua агенттігінің жазуынша, Ли Чжаньшу және Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтандағы China Construction Bank (Қытай құрылыс банкі) филиалына барған.

Қазақстан президенті Тоқаев 11 қыркүйекте Пекинде қазақ-қытай іскерлік кеңесінің алтыншы жиналысының ашылуында «Қытай Қазақстанның сыртқы саудадағы және экономикадағы ең ірі серіктесінің біріне айналды» деген. Бұдан бөлек, Тоқаев Қытайға бидай, сүт және ет өнімдерін экспортын арттыру жайлы айтқан.

Тоқаев Пекинге Қазақстанда Қытайға қарсы наразылық өтіп жатқан тұста барған еді. Митингіге шыққандар «Қытайдың Қазақстандағы жобаларына» қарсы болған. Наразылар биліктен Қытай жобаларынан бас тартуды, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Пекинге бармауды талап еткен (Тоқаев 11-12 қыркүйекте Қытайға ресми сапармен барып, бірнеше құжатқа қол қойып қайтты). Жаңаөзендіктер қаланың орталық алаңында наразылықтарын бір апта өткізді. 4 қыркүйекте оларды қолдаған акция АлматыНұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Семейде де өтті.

Ресми Нұр-Сұлтан елде “Қытайдың 55 зауыт салынады” деген ақпаратты “жалған” дейді, бірақ Пекинмен бірлескен 55 жоба барын, оның кейбірі іске асырылып жатқанын айтады. Үкімет осы 55 жобаның арқасында Қазақстанда 20 мың жұмыс орны ашылады деп мәлімдеген.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.