13-09-19 | 15:55
Қытай құрсауындағы Орта Азия: Кім қанша қарыз және Қытайға жер берген қай ел?.
Қытай құрсауындағы Орта Азия: Кім қанша қарыз және Қытайға жер берген қай ел?

Қазақстанның Қытайға 12 млдр. доллар мемлекеттік қарызы бар. Биыл тағы 300 млн. долллар несие алды. Қазақстан мұнайының 20% Қытай компаниялары игеріп жатыр. Елде Қытайдың 55 зауыт салу жобасы іске асуда. Қазақстанда Қытай капиталы бар 1083 компания жұмыс істейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары барысында он түрлі келісімге қол қойды. Бұл аз десеңіз, Павлодарда 2020-2022 жылдары Қытай инвесторы қант зауытын салатыны белгілі. Бірақ Қытайға қарыз Орта Азия елдерінің ішінде ең қарызы көп ел – Қырғызстан. Көрші елдің Қытай банкілер алдындағы қарызы 1 млрд. 700 миллион долларға жеткен. Қырғызстанның Қытайдан қарыз алуы экс-президент Атамбаевтың тұсында өскен екен. Атамбаевтың тұсында Қытай Қырғызстанға бір миллиард долларға жуық қарыз берген.

Орта Азиядағы тағы бір ел Тәжікстан тәуелсіздік жылдарында Қытайдан 1 миллиард 200 миллион доллар қарыз алған. Тәжікстандағы алтын кен орындарының 80% пайызын Қытай компаниялары игеріп жатыр. Тәжікстан осыдан 8 жыл бұрын шекараны делимитациялау, деморкациялау деген сылтаумен өз территориясының 1% жерін Қытайға берген. Тәжікстан осындай жолмен қарыздың 330 мииллион долларын өтеуде.

Қытай Өзбекстан экономикасын да инвестициялап отырған ең ірі ел. Осы уақытқа дейін Өзбекстан Қытайдан 7 миллиард 800 миллион доллар қарыз алған. Қытайдан қарыз алу Шавкат Мирзеев мемлекет басына келген соң тіпті жиілеген.

Түркіменстан да мәз емес. Газ өндіруден әлемде төртінші орындағы бұл ел газдың 90% Қытайға экспорттайды. Үш жыл бұрынғы Қытай деректеріне қарағанда, Қытай Түркімен газын нарықтағы бағадан үш есе арзанға алып отырған. Сарапшылардың айтуынша, Түркіменстан Қытай алдындағы қарызынан осылайша құтылып жатыр. Орта Азия және Қытай бойынша мұндай деректерді “Настоящее время” келтіреді.

Орта Азия елдері Қытайдан алған қарызға жол салып, үй тұрғызып, экономиканың түрлі салаларына ақша құюда. Ал бұл елдер қарызды неге батыс елдерінен емес, Қытайдан алады деген сауалға келсек, Қытайдан несие алу оңай. Ал батыс елдерінің дамушы елдерге қарыз беруде талаптары күшті. Мәселен, батыс елдерінен несие алу үшін батыстың демократиялық, адам құқығы жөніндегі талаптарын орындауға тура келеді. Ал Қытай ондай талаптар қоймағанмен өзінің мүддесін үнемі алға тартып отырады. Мәселен, Қытай инвестициясымен бірге қытай жұмысшылары, қытай компаниялар келеді. Қазіргі кезде Қазақстанда Қытай жобаларына қарсылық азаймай отыр. Бірер аптадан бері бірнеше қалада Қытай жобалары мен Қытай экспансиясына қарсы акциялар өтіп келеді. Әзірге билік қоғамның Қытайға қарсы көңіл-күйімен санасып отырған жоқ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.