10-10-19 | 13:25
Қытай жұмысшыларын сабаған жергілікті тұрғындарға қылмыстық іс қозғалды.
Қытай жұмысшыларын сабаған жергілікті тұрғындарға қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысында жол салып жатқан «Citic Construction» ЖШС базасында қытай жұмысшылары мен жергілікті жұмысшы арасында төбелес болғанын бұған дейін жазғанбыз. Кеше Алматы облысы ішкі істер департаменті оқиғаға байланысты арнайы мәлімет таратты. Онда қытай жұмысшылары мен жергілікті жұмысшының арасындағы төбелестен соң екі қытай азаматы әкімшілік жазаға тартылған. Ал оқиға болған күннің ертесінде қытай жұмысшыларын сабаған жергілікті тұрғындарға қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған. ІІД-ның хабарлауынша,  бір топ жергілікті тұрғын “істің байыбына бармай Қытайдан келген жұмысшыларды ұрып-соққан”. Соның кесірінен төрт қытай жұмысшысы әртүрлі жарақат алып, аурухана жеткізілген. Оқиға бойынша қылмысқа күдіктілер табылып, ұсталған. Сондай-ақ тексеріс кезінде “Citic Construction” компаниясында шетелдің 33 жұмысшысы заңсыз жұмыс істеп жүргені анықталған. Полиция қазір оларды Қазақстаннан депортациялаумен айналысып жатқанын мәлімдеді.

Шетел жұмысшылары мен жергілікті жұмысшылар арасындағы жанжал Қазақстанда жиілеп кетті. Соңғы кездері Атыраудағы Теңіз кенішінде және Қарағандыдағы Жәйрам тау-кен комбинатында шетел жұмысшылары мен жергілікті жұмысшылар арасында жанжал шықты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетел жұмысшылары мен жергілікті жұмысшылардың еңбекақысының бірдей болуын және бірдей еңбек жағдайы жасалуын көздейтін заң жобасын әзірлеп жатқанын айтқан.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.