Әлеуметтік желіде тараған Семей сауналарының бірінде түсірілген суретке қатысты полицияда ішкі тексеріс басталды.
Танымал блогер Руслан Лазута желіге полиция бөлімінің жеке құрамының саунада отырған суретін жүктеді. Айтуынша, суретте Семей қалалық Орталық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметінің (ЖПҚ) басшысы, полиция майоры Сұңғатов Ришат өзінің қызметкерлерімен – учаскелік инспекторлармен бірге түскен.
Лазута фотосуреттер осы жылдың қаңтар айында карантинге және қоғамдық іс-шараларға тыйым салынғанына қарамастан «жаңа бастықтың лауазымын атап өту кезінде» саунада түсірілген деп жазады.
Ақпаратқа құқық қорғау органдары түсініктеме берді.
«Шынында да, әлеуметтік желілерде таратылған фотосуреттерде Семей полиция басқармасының қызметкерлері бар. Осы факті бойынша, ШҚО ДП ішкі қауіпсіздік басқармасы ресми тексеруді бастады», – деп хабарлады құқық қорғау органдары.