arasha.kz

Президент Почиваловты қызметке алған Әйтеновты жұмыстан босата ала ма?

Күні кеше Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың Қазақстаннан бөлек Ресей Федерациясының да азаматы екенін анықталды. Қазағы қалың Шымкентте Ресей азаматы лауазымды қызмет атқарса, шекаралас облыстарда жағдай қалай болып жатыр? Сондай-ақ Ресей азаматын басқарма басшысы еткен қала әкімі Мұрат Әйтенов өз еркімен отставкаға кете ме, жоқ әлде орнында қала ма?

Олег Почиваловтың ісіне байланысты ең алғаш әлеуметтік желіде ҚР Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек дабыл қаққан еді. Алайда ол кезде басқарманың баспасөз қызметі бұл ақпаратты терістеген еді.

Айгүл Орынбек, заңгер:

«Маған көптеген азаматтар «Құзырлы органға шағымданған едік. Бірақ нәтиже болмай жатыр» деп хабарласып жатады. Мәселен Шымкент қалалық Кірістер департаментіне Почиваловтың үстенен «Карантин кезінде өзінің демалыс аймағында спортшыларды демалдырып, ақша игеріп жатыр» деген арыз түскен екен.

Бұл туралы фото және видео айғақтар болған. Бірақ бұл арыздың қаралған, қаралмағаны белгісіз. Өйткені қыркүйекте түскен арыздың нәтижесі арада 7 ай өтсе де шыққан жоқ. Маған осы оқиғаға байланысты арыз келіп түскеннен кейін кім, қайдан келген адам деп зерттей бастадым. Осы кезде Почиваловтың әлеуметтік желіде адамдарға жекіп ұрсып, тіпті ұрған видеосы шығады.

Мен оны бір аптадан кейін көріп, «Бұл не масқара. Мемлекеттік қызметшінің этикасын ескермей неге адамдарға ұрсып тұр?» деп Кірістер департаментін белгілеп пост жаздым. Осы жазбамнан кейін ол маған адамдарын жіберіп, қоқан-лоққы көрсете бастады. Содан бастап басқарма басшысы туралы тереңірек зерттеу жүргіздім. Сонда байқағаным оның үстінен арыз түскенімен тіркелмейді екен. Мәселен оқытушыларды ұрып, телефонын сындырғаннан кейін ол «Менің үстімнен ешкім қылмыстық іс аша алмайды» деп мақтанған көрінеді. Бірақ осы фактіге байланысты оның үстінен іс қозғалды». – дейді ол.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қос азаматтығы бар адам анықталса, қызметінен қуу туралы арнайы заңға қол қойған болатын. Лауазымды қызметкердің қос азаматтығы анықталса оны қызметтен босату жеңіл жаза емес пе? Сондай-ақ Почивалов қай елдің тумасы және оны тағайындаған Әйтенов қызметінен кете ме?

«Егер қандайда бір адамның қос азаматтығы болса, оны қызметінен босатып қою аздық етеді. Нақтырақ айтсам, мұндай азаматтардың бұған дейін алған жалақыларын Үкімет өндіріп алып, барлық марапаттарынан айыру қажет. Зерттей келе Почиваловтың Ресейде дүниеге келгенін анықтадым. Негізі бұл азамат туралы қазір көп ақпаратты жариялай алмаймын. Қылмыстық іс аяқталғаннан кейін барлық мән-жайды түсіндіріп беремін.
Қазіргі таңда билік «Естуші Үкімет» дегенді жиі айтып жүр ғой. Әйтенов халық қандай мәселе көтерсе де оған құлақ асып жатқан жоқ. Әйтпесе ол «Ресей азаматы басқарма басшысы болып отыр» деген әңгіме шыққан кезде-ақ оны орнынан алып тастау керек еді. Алайда арада бір ай өтті әрі күні кеше Мемлекеттік қызмет істері департамені қызметтен босату туралы арнайы анықтама берді. Бір қызығы Ресей азаматы әлі күнге дейін Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығында отыр. Бұл жерде Мұрат Әйтеновтың жауапкершілігі жоқ болып тұр. Сондықтан да президенттің алдында өзі жауап береді деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда Әйтеновтың қызметінде қалу, қалмау мәселесін президентіміз шешеді», – дейді ол.

Қазағы қалың Шымкентте Ресей азаматы жұмыс істесе демек шекаралас облыстарда жағдай бұдан да күрделі деген сөз. Жуырда ғана елімізде 140-тан астам адам Ресей азаматы екені анықталды. Шын мәнісінде қос азаматтығы бар адамдардың саны бұдан да көп. Оларды анықтап, тиісті жазасын беруге биліктің қауқары жете ме? Сондай-ақ президент халықтың үніне құлақа спайтын Мұрат Әйтеновті жұмыстан босата ала ма?

Серік Жолдасбай, arasha

Exit mobile version