«Қолданыстағы карантин шектеулеріне байланысты Алатау ауданы әкімдігінің ғимаратына кіру шектелген және Ashyq қосымшасы бойынша жүзеге асырылады. Журналист А.Тәңірберген оператормен бірге ғимаратқа қосымшадағы өз мәртебесін сканерлемей, турникеттің астымен өткен, бұл туралы тиісті бейнежазба бар», – дейді әкімдік өкілдері.
«Алатау ауданының әкімдігі күзет қызметі қызметкерінің әрекетін қолайсыз екенін ресми түрде мәлімдейді. Бұл әрекеттері үшін қызметтік тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша оларды жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылады. Сонымен қатар, әкімдік БАҚ өкілдерімен конструктивті негізде жұмыс істеу үшін ашық және өз құзыреті шеңберінде қызығушылық танытқан ақпаратқа қол жеткізуге дайын екенін атап өтеді. Аудан әкімі журналистерге сұхбат беруге дайын», – дейді Алматы қаласы Алатау ауданының әкімдігі өкілдері.
«Хабар 24» бас директоры Алена Горбачева телеарна атынан арыз жазылатынын мәлімдеді.
Оқиға қоғамның қызу талқысына түсті. Көпшілік : «күзетші — қарапайым қызметкер, «журналистерді кіргізбе!» деп бұйрық берген әкімнің өзі шығар», — деген болжамын алға тартады.
Қоғамның назарына іліккен Алатау ауданының әкімі — Азамат Бескемпірұлы Қалдыбеков. 36 жастағы шенді Тараз қаласының тумасы. 2020 жылдың қаңтарынан бері Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болып жұмыс істейді. Ол бұл қызметке Президенттік жастар кадрлық резервіне енген талапты жас ретінде тағайындалған. Мемлекеттік қызмет саласында 8 жылдық еңбек өтілі бар. Үйленген, екі баласы бар.
Азамат Қалдыбеков туралы деректерді іздестірген БАҚ өкілдері оның Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болып тағайындалуы кезіндегі сұқбаттан үзінді ұсында. Онда шенді:
«…Стратегиялық қалалық жоспарлар бар, бағдарламалар бар. Бірақ осыны өңірлерде жүзеге асыруда көптеген жаңалықтар, көптеген өзіндік креативті жолдарын табуды жөн көрдім. Соны халықпен тығыз байланысу, халық пен мемлекет қызметшілер арасында барьерді жою өзімнің басты талабым деп көремін», — деген екен.
Әкімдікте болған оқиғадан кейін шенеунік айтқан «креативті жолды» түсінбеген көпшілік халықпен байланыс орнатып, естуші үкімет жасай алмаған шендінің ел алдында жауап беруін талап етті.