Арандап қалғандар үшін екінші мүмкіндік – заңгер рақымшылық жайлы.
Арандап қалғандар үшін екінші мүмкіндік – заңгер рақымшылық жайлы

Президентіміз жаңа ғана қаңтар оқиғаларына қатысушыларға «Рақымшылық жасау туралы» Заңға қол қойды. Оның мәтіні баспасөзде жарияланады. 1000-нан астам адам рақымшылыққа ілігеді, олардың дені бас бостандығынан айырылмағандар. Осы оқиғаның басы-қасында жүрген біз үшін, мыңдаған отбасы үшін үлкен қуаныш. Бұл туралы заңгер Абзал Құспан айтты.

Қыркүйектегі Жолдауында Президент қаңтар оқиғалары кезінде қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы аз және орташа қылмыстар жасағандарға рақымшылық жасауды мәселесін айтқан болатын.

«Енді мұндай қылмыстар үшін жазасын өтегендердің соттылығы алынып тасталады. Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандарға келетін болсақ, ауыр қылмыстар үшін – сот тағайындаған мерзімнің төрттен үшіне, ал аса ауыр қылмыстар үшін – жартысына қысқарту көзделген. Қаңтардағы тәртіпсіздіктерден кейін 128 адам бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. «Рақымшылық туралы заң» күшіне енгеннен кейін олардың 40-ы бірден босатылады, тағы 50-і алты ай ішінде, ал 170-тен астам адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Олар жасаған қылмыстар ұсақ-түйек қылмыстардың санатына жатады», – дейді заңгер.

Сондай-ақ ол 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандар да рақымшылыққа ілігуі мүмкін екенін жеткізді.

«Әрбір қылмыстың мән-жайы және оның қаңтар оқиғаларына қатыстылығы сотқа дейінгі тергеу және сот талқылауы барысында анықталады. Яғни, әрбір оқиғаның жағдайы мен шарты анықталып, құқықтық баға беріледі. Бұл ретте прокурор мен сот рақымшылық жасау туралы Заңды қолдану кезінде заңдылықты қамтамасыз етеді. Бұл ретте материалдық залал келтіріп, онысы өтелмеген адамдарға рақымшылық беруге шектеу жоқ. Рақымшылық материалдық шығынға, оның өтелу, өтелмеуіне қарамастан қолданылады. Алайда, қылмыстық жауаптылықтан не рақымшылық бойынша жазадан босату жәбірленушіге келтірілген залалды өтеу міндетінен босатпайды», – деді А. Құспан.

Рақымшылыққа ілігетін және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан адамдар үшін қылмыстық қудалау органына рақымшылыққа келісім беру туралы тиісті өтініш жазу қажет болады.
Сол сияқты, соттардың іс жүргізуіндегі істер бойынша арыз қылмыстық істі қарайтын сотқа беріледі.

«Егер адам сотталған болса, оларға қатысты жазаны орындайтын орган сотқа рақымшылық жасау туралы ұсыныс жібереді. Сонымен қатар, егер сотталған адамның өзі жасаған әрекеті рақымшылық туралы Заңның ережелеріне сәйкес келсе, ол рақымшылыққа ілігу үшін тікелей сотқа жүгінуге құқылы. Заңда сондай – ақ босатылатын адамдарды қайта әлеуметтендіру-жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету және құжаттарды ресімдеу шаралары да қарастырылғаны да құптарлық жайт», – дейді ол.

Айта кетерлігі, рақымшылыққа жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар, өкілеттілігін асыра пайдаланып, азаптағандар, сатқындық жасағандар, зорлаушылар, террористер мен экстремистер секілді қылмыскерлердің ең қауіпті бөлігі ілікпейді.

Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жасалатын бірреттік кешірім шарасы. Рақымшылыққа ілігетіндердің тізімін арнайы жұмыс тобы жинады.

Жалпы бұл заңды ұлттың бірлігін нығайтып, ішкі саяси жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ерекше гуманизм актісі деуге болады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk