19-02-21 | 19:56
Жамбылда бір үйдің бес баласы өрт кезінде қаза болды.
Жамбылда бір үйдің бес баласы өрт кезінде қаза болды

Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы пәтерде болған өрттен бір отбасының бес баласы қаза болды. Қайғылы оқиғаны Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жантүршігерлік жағдай 19 ақпан күні сағат 15.15-те 2-шағын аудандағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-қабатындағы пәтерден шыққан. Баспанадағы киімдер мен жиһаздар жанып кеткенде үйде қалған бес періште түтінге уланған.

Белгілі болғандай, 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған бес бала жанған пәтерде қалып қойды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға болған сәтте үйдің отағасы жұмыста болған, ал анасы дүкенге шығып кеткен. Өрт салдарынан кәмелет жасына толмаған балалар түтінге уланып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Алайда араға біраз уақыт салып, көз жұмған.

Қазіргі уақытта оқиға себебін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімдігімен арнайы комиссия құрылған. Қара жамылған балалардың ата-анасына психолог мамандардың көмегі көрсетілуде.

Бұдан бөлек, Жаңатас қаласына облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов аттанды.

Оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің 6 қызметкері және 1 бірлік техника жұмыс істеген. Өрт толықтай сөндірілген.

Еске салсақ, елімізде осыған ұқсас жағдай 2019 жылдың 4 ақпан күні тіркелген еді. Ата-анасы жұмысқа кеткенде жалдамалы пәтерде шырт ұйқыда жатқан Систерлер отбасының 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туған бес баласы қайтыс болды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.