Жамбылдағы жарылыстан кейін тілшілер «жалған ақпарат» таратты деген күдікке ілінді.
Жамбылдағы жарылыстан кейін тілшілер «жалған ақпарат» таратты деген күдікке ілінді

Жамбыл облысы Байқазақ ауданындағы жарылыс кезінде ақпарат таратқан тілшілердің басы дауға қалды. Облыстық полиция департаменті Turaninfo.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Исламбек Дастан мен 7 арнаның тілшісі Данияр Әлімқұлдан жауап алып жатыр. БАҚ өкілдеріне қатысты Қылмыстық кодекстің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Полицияға облыстық ішкі саясат басқармасы шағым түсірген.

«Облыстық полиция департаментімен 26.08.2021 жылы Байзақ ауданында орын алған оқиғалар және снарядтарды жеке аумақта заңсыз сақтау туралы бейне үндеулерді «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде Исламбек Дастан мен Данияр Әлімқұловтың тарату фактілері бойынша ҚК-тің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы (ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Тергеу іс-шаралары мен сараптамалық зерттеулердің нәтижелері бойынша аталған тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады»,- деп хабарлайды Жамбыл облысының прокуратурасы.

Құзырлы мекеме сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қалған деректері ҚПК-тің 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесінде жария етуге жатпайтынын хабарлады.

Естеріңізге салсақ, облыс прокуроры тілшіге қатысты шағымның облыс әкімдігінен түскенін айтты.

Осыған дейін Жамбыл облыстық полиция департаменті Жетінші арнаның «Айбат» жаңалықтар қызметінің тілшісі Данияр Әлімқұлдың жеке телефонын тәркілегені белгілі болды.

Үш апта бұрын Байзақ ауданындағы әскери қоймада жойқын жарылыс болып 17 адам қаза болды. Оқыс оқиға кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен бір әскери қызметкерден әлі күнге хабар жоқ.

​​​​​​

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk