13-07-20 | 17:11
Жаңа оқу жылына ата-аналар мен оқушылар дайын ба?.
Жаңа оқу жылына ата-аналар мен оқушылар дайын ба?

фото: turkystan.kz

Соңғы бірнеше аптаның ішінде елде коронавирус инфекциясы өршіп, Қазақстан әлемдегі инфекция тез таралып жатқан елдердің көшін бастап кетті. Осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде карантин режимін қайта енгізді. COVID-19-дың күші қашан қайтатыны белгісіз, ал жиналып қалған сұрақтар жетіп артылады. Солардың бірі – мектеп оқушылары жаңа оқу жылында қалай оқитындығы. Білім және ғылым министрлігі болса ата-аналарға әлі ешқандай ақпарат берген жоқ. Көктемдегідей онлайн режим қайта енгізіле ме, әлде балалар мектепке барып оқи ма белгісіз. Көктемдегідей қашықтан оқитын болса оқушылар мен ата-аналар оған дайын ба? Бізді мазалайтыны осы сұрақ. Сондықтан осы мәселе төңірегінде ата-аналар мен балалардың өздеріне бірнеше сұрақ қойып, сауалнама жүргізіп көрген едік. Алдымен Қазақстанның әр өңірінде тұратын оқушылардан жауап алдық.

  1. Сізге қашықтан оқыған ұнай ма, әлде мектепке барып оқығыңыз келе ме?

Нурикамал. 7 жаста, Шымкент қаласы  Ұлықбек атындағы №3 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы:

– Маған мектепке барып оқыған ұнайды. Мектепте шаршамайсың, сабақты жақсы түсіндіреді, ал үйде оқымайсың, басқаларды түсінбейсің. Үйде анам сабақ түсіндіреді, бірақ мұғалім түсіндірген маған көбірек ұнайды. Мектепте мұғалімдер мейірімді. Сосын үзіліске шығып, достарыңмен ойнайсың, тамақ ішесің. Мектепте қызықты. Ал үйде ойнайтын бала жоқ, ішің пысады.

Назифа 9 жаста, Нұр-Сұлтан қаласы, Қазақ Ұлттық хореография академиясының оқушысы:

– Маған мектепке барып оқыған ұнайды. Себебі мектепте музыканы қосып билегенде бәрі анық естіледі, ал интернет арқылы мұғалімдің қосқан музыкасы дұрыс естілмейді, интернет баяу жұмыс істейді.

Гүлназ 14 жаста, Екібастұз қаласы, №22 мектеп- гимназиясының оқушысы:

  • Онлайн оқыған ұнаған жоқ. Мектепке барып оқыған әлде қайда жақсы. Себебі мұғалімнің қадағалауы болған жоқ.

Сальма 12 жаста, Алматы облысы Кемертоған орта мектебінің оқушысы:

  • Маған мектепке барып оқыған ұнайды. Себебі ол жақта сабақ қызықты әрі түсінікті өтеді. Түсінбеген сабағыңды апайдан сұрап аласың.

Еркежан 8 жаста, Алматы қаласы №33 мектеп-лицей оқушысы:

  • Қашықтан оқу ұнамайды. Түсінбеген тақырыптар көп.

Кәусар 10 жаста, Қызылорда қаласы «Мұрагер» мектебінің оқушысы:

  • Мектепте өз мұғалімімнің сабақ түсіндіргені жақсы. Видеодағы апайларды танымаймыз. Қызық емес.

 

  1. Көктемде онлайн оқудың қандай қиыншылықтары болды?

Нурикамал:

  • Мен өзім орыс тілінде сөйлейтін баламын, бірақ қазақ мектебіне барамын. Онлайн оқығанда мұғалімнің қазақша айтқан сөздерін түсінбей қалатынмын, ал көзбе-көз отырып сөйлескенде түсінемін».

Назифа:

  • Онлайн оқудың қиыншылықтары интернеттің әлсіз жұмыс істеуі дер едім.

Гүлназ:

  • Онлайн оқу барысында мен тақырыптарды дұрыс түсіне алған жоқпын, яғни толықтай қамти алмадым.

Сальма:

  • Апай сабақ түсіндіріп жатқанда түсінбей қалуың мүмкін. Сөйтіп есебіңді шығара алмай қаласың да, уақыт өткізіп аласың.

Еркежан:

  • Сабақты дұрыс түсінбегенім қиыншылығы болды».

Кәусар:

  • Мұғалімдерді көз алдыңда көріп отырмаған соң телефоннан жіберілген аудиоларды тыңдап сабақты орындаймын деп шаршадым.

 

  1. Онлайн түрінде қашықтан оқудың артықшылықтары қандай?

Нурикамал:

  • Артықшылықтары жоқ

Назифа:

  • Өз бетімше оқуды үйренгенім қашықтан оқудың артықшылығы.

Гүлназ:

  • Кез келген мәліметті интернеттен таба алғанымыз артықшылықтарына жатады.

Сальма:

  • Үйде отырып сабақ оқығанда қарның ашпайды, сабақ арасында серуендеп келуге болады.

Еркежан:

  • Қашықтан онлайн оқудың ешқандай артықшылықтары жоқ.

Кәусар:

  • Еш артықшылығы жоқ.

 

  1. Күзде жаңа оқу жылында онлайн оқығыңыз келе ме, офлайн ба?

Нурикамал:

  • Қашықтан оқығым келмейді, мектепке барғым келеді. Достармды сағындым.

Назифа:

  • Мен күзде мектепке барып оқығым келеді, себебі мектепте қызықты.

Гүлназ:  

  • Мектепте мұғалімнің қадағалауымен тақырпты толықтай түсінесің сондықтан офлайн оқығым келеді.

Сальма:

  • Мектептің аты – мектеп, метепке барып оқығанға ештеңе жетпейді. Ол жерде балалармен ақылдаса отырып сабақ оқуға болады.

Еркежан:   

  • Офлайн оқығым келеді..

Кәусар:

  • Әрине офлайн оқығым келеді. Мұғалімдерді, сыныптастарымды сағындым.

 

Біз балалардан алған сауалнамадан олардың мектепті сағынғандарын, қашықтан оқығылары келмейтінін түсіндік. Көбіне қашықтан онлайн оқу қиынға соққан екен. Ата-аналарға да өткен оқу жылының соңы оңайға соқпаған көрінеді. Олар да сұрақтарға жауап беру барысында осыны айтты.

  1. Балаңыз күзде мектепке барып оқығанын қалайсыз ба, әлде қашықтан оқығаны жөн бе?

Жансая, Шымкент қаласы:  

  • Мұғалім өз ісінің маманы. Ол ұрысса да, жай сөзбен айтса да мұғалімнің орны бөлек. Мен балаларыма сабақ оқытқанда төзімім жетпей ұрсып жіберемін. Дұрыс түсіндіре алмауым мүмкін, сондықтан мектепке барып оқыған жақсы.

Инара, Нұр-Сұлтан қаласы:

  • Мектепке барып оқыған жақсы.

Ардақ, Екібастұз қаласы:

  • Онлайн оқу қажет емес.

Алмагүл, Алматы облысы:

  • Баламның мектепке барып оқығанын қалар едім, себебі бала қоғамдық ортада болады. Мектепке баруға дайындалады, киінеді, алдына мақсат қояды. Балалар бірін-бірі көреді.

Бану, Алматы облысы:  

-Жеке маған баланың ондайн немесе офлайн оқығанынан еш айырмашылық жоқ. Алатын білім бірдей.

Альмира, Қызылорда қаласы:  

  • Әрине баламның офлайн оқығанын қалаймын

 

 

  1. Өткен оқу жылының соңында онлайн оқу қиынға соқты ма?

Жансая:

  • Қиынға соққанда қандай! Бала тұрмақ менің өзім онлайн сабақты экранға үңіліп отырып қарағым келмей кетті. Мемлекетке рақмет, қандай төтенше жағдай болса да балаларды білімсіз қалтырмады. Бірақ мектеп партасына отырып, кітабын сезініп, қаламын ұстап, дәптерін шимайлап отырғанға не жетсін! Кей сабақтарды мұғалім сияқты түсіндіре алмай, Googgle қарап кеткенімді де жасырмаймын. Көп уақытымды алды. Жұмысымды ысырып қойып, бала оқытып отырдым. Бір ғана қызыммен осылай әуре-сарсаңға түсіп жатырмын, көп балалы отбасылар қайтты екен деп ойладым.

Инара:

  • Қашықтан оқи бастағанда бірінші апта қиындау болған, одан кейін үйренісіп кеттік те, оңай болды.

Ардақ:

-Бала үйде отырғандықтан жауапкершілігі болмайды екен. Сол жағы қиын болды.

Алмагүл:

  • Көктемде балалар әр сабақты 30 минуттан оқыды. Оның он минуты амандасумен өтіп кетсе, он минутын жаңа тақырып түсіндіріп, тағы он минут балалардан сабақ сұраумен өтті. Бұл бір сыныпта отыз бала оқитын мектептерге өте қиын. Сондықтан ата-аналар мұғалімнің де, ата-ананың да рөлін өз мойнына алуына тура келді. Оның үстіне бір күні интернет бар, бір күні жоқ деген де қиыншылықтар болды.

Бану:  

  • Балаларымның сабағын қадағалаған жоқпын. Олар өздері оқыды. Сондықтан онлайн оқудың қиыншылықтары туралы айта алмаймын.

Альмира:  

  • Төртінші тоқсанды қашықтан оқыту қиынға соқты. Бала сабақты үйреген мұғалімнен тыңдағысы келеді. Туындаған сұрағына дер кезінде жауап алғысы келеді. Біздің үйде үш оқушы бар. Менің ұялы телефоным үшеуіне жетпей, аяқ астынан планшет сатып алуға тура келді. Оның үстіне үш сыныптың whatsapp-тағы чаттарынан келетін хабарламалардан миым ашып отыратын. Тапсырманы үш балаға бірдей таратып, орындап үлгермеген кездер болды.

 

  1. Қашықтан оқудың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

Жансая:

  • Артықшылығы аса байқалмады. Баланы киіндіріп, мектепке апарып әуре болмайсың. Мұғалімнің қадірін ұғына түстік. Ал кемшілігі, баланың білім алуға ынтасы болмайды. Үйде жүрмін ғой деген ой болады да, сабағына немкетті, атүсті қарай бастайды екен. Ал мектепке барып келетін болса сабағына салмақты қарайды.

Инара:

  • Артықшылығы тапсырмаларды орындауға уақыт көбірек болады. Жолға кететін уақытты үнемдейсің. Ал кемшілігі балаларды объективті бағалаған жоқ, бала үнемі бақылауда болды және кейде сабақты түсіндіру қиынға соқты.

Ардақ:

  • Қашықтан оқудың ешқандай артықшылығын көрмедім. Баланың ұялы телефоны интернетке қосулы, ойына келегенін істейді. Балаға ешқандай талап қойылмайды, қадағаланбайды. Кез келген ақпаратты интернеттен ала салады.

Алмагүл:

  • Үйден оқудың артықшылықтары ауыр сумка тасымайды, баланың үнемі қарны тоқ. Алайда менің үш балам да төртінші тоқсанда жақсы білім алды деп айта алмаймын.

Бану:

  • Қашықтан оқудың артықшылығы балаңның сабағын қадағалауға мүмкіндік болады, ал кемшілігі, басқа жұмыстарыңа қолың тимейді.

Альмира:

  • Онлайн оқудың артықшылығын көрмедім.

 

  1. Балаңызды жаңа оқу жылында онлайн оқытуға дайынсыз ба?

Жансая:  

  • Төтенше жағдай болса амал жоқ онлайн оқытамыз ғой. Індет тарап біткенше қайда барамыз? Бастысы адамдар аман, ұрпағымыздың дені сау болсын.

Инара:

–  Басқа амал болмаса дайынмын.

Ардақ:  

  • Егер мемлекет жаңа оқу жылын онлайн оқытамыз деп шешім қабылдаса қарсылық көрсетпеймін. Бірақ түбегейлі қарсымын.

Алмагүл:

  • Жаңа оқу жылында онлайн оқуға дайын емеспіз. Мектеп ең алдымен қоғамдық орын. Ол жерде бала өз-өзін көрсетіп, жарыстарға қатысып, балалар бір бірімен көріспегеннен кейін бала дамиды деп ойламаймын.

Бану:

  • Балаларымды онлайн оқытуға дайын емеспін. Себебі ауылымызда интернет нашар жұмыс істейді.

Альмира:

  • Жаңа оқу жылында онлайн оқуға дайын емеспін. Себебі үшінші балам даярлық сыныпты бітірді. Енді бірінші сыныпқа барады. Ал үлкен қызым бастауыш сыныпты бітіріп, бесінші сыныпқа өтеді. Сынып жетекшісі ауысады, қосымша пәндер қосылады. Оларға үйрену үшін мектепке барғаны жақсы болар еді.
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.