Жанболаттың Ермаханға айтқаны: Халықтан кешірім сұра!.
Жанболаттың Ермаханға айтқаны: Халықтан кешірім сұра!

Сайлау күні Алматы қаласында наразылыққа шыққан белсенділерге басу айтып,  кейін желідегі парақшасына  мәлімдеме жасаған Ермахан Ибрагимовтен қоғам белсендісі Жанболат Мамай халықтан кешірім сұрауды талап етті.

«Бұл тірлігім ұят болды-ау, елден кешірім сұрайын» деудің орнына Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов керісінше, «менікі дұрыс» деп сұхбат беріп жүр.

Ардан да, ұяттан да жұрдай болған екенсің, Ермахан. Бір кездері қазақтың туын желбіретсең, қазір тәуелсіздікті аяққа таптап, адам құқығын тұншықтырған ұры — қарылардың қолшоқпарына айналдың. Халық сені көкке көтерсе, сен Мұхтар Шахановша айтқанда, жемқорлардың «туфлиін жалап», жердегі плакатты жыртып, бейшара болып жүрсің.

Нағыз батыр болсаң, қазақ жерінің тағдыры таразыға түсіп, билік оны саудаға салайын деп тұрғанда неге үнсіз қалдың? Мықты болсаң, Жаңаөзенде халыққа оқ атып, қырып салған полицейлерді неге орнына қоймадың? Көпбалалы аналар зар жылап, әкімдіктің табалдырығын тоздырғанда, ер азамат ретінде неге соларға қолдау көрсетпедің? Әлде сенің шойын жұдырығың биліктің айтағына еріп, плакат жыртып, митингтегі қыздарға қол көтеруге арналған ба?

Көп сөз шығындамай-ақ қояйын. Бұрын сені «чемпион» деп құрметтейтін едік. 10 қаңтарда митингтегі масқара әрекетіңнен соң саған халық «қарабет» деген атақ берді. Бұл атақтан құтылудың бір ғана жолы бар. Халықтан кешірім сұра, «титушка» қызметіңнен бас тарт, «Нұр Отанды» тастап қаш»,- дейді Facebook парақшасында қоғам белсендісі Жанболат Мамай.

Естеріңізге салсақ, 10 қаңтар күні белсенді Жанболат Мамай бастаған топ наразылыққа шығу кезінде  полицияның арнайы жасағының қоршауында қалды. Бірнеше сағат бойына қоршаудан шыға алмаған белсенділер  дәретханаға да бара алмады.

P.S.

Жанболат Мамайдың мәлімдемесіне қатысты Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовтан жауап алу мүмкін болмады. Боксшы ұялы телефонына жауап берер емес.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk