02-03-21 | 19:24
Жапаровпен Назарбаев та кездесті.
Жапаровпен Назарбаев та кездесті

Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, экс-президент Н.Назарбаев та кездесті. Бұл туралы елбасының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Садыр Жапаровты Қырғызстан Президенті болып сайлануымен құттықтаған.

– Қазақстанға қош келдіңіз. Қырғызстан халқы өткен сайлауда Өзіңізге үлкен сенім білдірді. Халқыңыздың жарқын болашағы жолындағы жұмысыңызға табыс тілеймін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы тәуелсіздік жылдары бауырлас екі ел арасында қол жеткізілген ынтымақтастық пен серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қырғызстан президенттері арасындағы келіссөздердің нәтижелі болғанына тоқталып, бизнес байланыстарды күшейтудің және экономикалық қатынастарды нығайтудың маңыздылығын айтты.

Өз кезегінде Садыр Жапаров Қазақстанның Тұңғыш Президентіне екі ел арасында байланыс орнату және нығайту жолындағы жасампаз еңбегі үшін алғысын білдірді. 

– Сізді Орталық Азияның көшбасшысы ғана емес, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі беделді саясаткер ретінде де құрметтеймін! Сіз біздің халықтарымыздың достығы мен ынтымақтастығын арттыруға зор үлес қостыңыз, – деді Қырғыз Республикасының Президенті.

Садыр Жапаров бүгін сондай-ақ президент Қ.Тоқаевпен де кездескен еді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.