08-08-22 |
ЖЕТІБАЙ ҚҰМҒА КӨМІЛІП БАРАДЫ.
ЖЕТІБАЙ ҚҰМҒА КӨМІЛІП БАРАДЫ

Манғыстау облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Жәнібек Қожық Маңғыстау облысындағы қара алтынның үстінде отырған ауыл, жылдан жылға азып-тозып бара жатқанын айтып, дабыл қақты.

Қоғамдық кеңес мүшесінің жазған хатын толықтай жариялауда жөн көрдік.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры Дәулетжан Хасановқа, Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа.
Маңғыстаудан алғашқы мұнай бұрқағы 1961 жылы 5 шілде күні Жетібайдағы № 6 ұңғымадан атқылаған болатын.
Биыл Жетібай ауылынан қара алтын шыққанына 61 жыл болыпты.
Жетібайдың мұнайы 30 жыл кеңес үкіметін асыраса, соңғы 31 жыл Қазақстан қазынасына, қалғаны Астанадағы қожайындардың құлқынына құйылып жатыр.
«Шамның көлеңкесі астына түспейді» деген мақал Жетібай ауылы үшін айтылғандай.
Қара алтынның үстінде отырған ауыл, жылдан жылға азып-тозып барады.
Сәл шығыстан жел тұрса, шаң көтеріліп арты құмды дауылға айналады. Құмның борағаны соншалық қарға адым жер көрінбей, көлік қозғалысы жиі тоқтайды.
Жан-жағы өндіріс ауасы да оңып тұрағаны шамалы.
Халықтың көбі түрлі ауруға шалдыққан, жастардың көбі төсектен тұрмай қалады.
Көшелері де өте тар, көбі сонау 1960 жылдары салынған ескі барақ үйлер.
Жастарының көбі жұмыссыз, жиі-жиі жұмыс сұрап ереуілге шығады.
«Елу жылда ел жаңа» деген, бірақ Жетібай 50 емес, 60 жылдан асты жаңарған жоқ.
Өндірістің ауыр техникалары жердің бетінің астан-кестеңін шығарды.
Ауылды құмнан қорғаудың бір жолы: ағаш егу болса, ал Жетібай әкімдері ауылды ағашпен емес, мал қорамен қоршап қойыпты.
Айта берсе сөз, жаза берсе мәселе көп.
Сондықтан нақты ұсынысымды жазайын.

ЖЕТІБАЙДЫ СЕКСЕУІЛМЕН ҚОРШАУ КЕРЕК
Бұл менің жеке ұсынысым емес, көптен айтылып, талай жазылып, бірақ шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе.
Құм көшкінін тоқтатудың жолы ағаш егу.
Шөлге шыдамды, сексеуіл, қарағаш, жүзген сияқты ағаштармен Жетібай ауылын қоршау керек.
Бұл жұмысты жасауға «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның қаржысы да, мүмкіндігі де толық жетеді.
Биыл күзде тәжірибе ретінде Жетібайдың шығыс бетіндегі асфальттың арғы бетінен сексеуіл егуді бастау керек.
Биыл күзде ені 100 метр, ұзындығы 5 мың метр болытын 50 гектар жерді тор шарбақпен қоршап алып, сексеуіл көшетін отырғызу қажет.
Мен ұсынысты жазбас бұрын, сексеуіл егу жұмысымен айналысып жүрген тәжірибелі мамандармен сөйлесіп, зерттеу жүргіздім.
Мысалы, 1 гектар жерге 3333 түп сексеуіл көшетін отырғызуға болады.
Ал 50 гектар жерге 166,660 дәне сексеуіл ағашын егуге болады екен.
Бұған шамамен 30 миллиондай теңге кетеді.
Қоршауға «Жетібаймұнайгаз» ӨБ-да материал жеткілікті.
Сексеуіл мен қарағаш өсіп кеткеннен кейін суарып қажет емес.
Мысалы, Қарақия ойпаты астында қарағаштар жайқалып өсіп тұр.
Оларға ешкім су құйып жатқан жоқ.
Ағаштар көктеп шығып кеткенше тамшылатып суаруға болады. Оған көп су кетпейді.
Суды Жетібайдың маңынан құдық қазып, құдық басына су тұщытатын қондырғы орнатып, үлкен су қоймасын салып, тұщы су жинап, сол сумен тамшылатып ағаштарды суаруға болады.
Елу гектар жерге сексеуіл егуге 15-20 күндей уақыт кетеді. Қазір сексеуілдің дайын көшетін де, дәнін де табуға болады.
Бұл жұмыстарды 3 жылға сексеуіл егіп жүрген тәжірибесі бар, бір мекемеге келісім-шартпен отыру керек.
Сексеуіл шығып кеткеннен кейін суда, көп күтімді керек етпейді.
Алдағы көктемде ағаштар көктеп шыға бастаса Жетібай ауылын орманмен қоршап тастауға болады.

ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ БОЛАДЫ?
Біріншіден, Жетібай ауылына бораған құм тоқтайды.
Екіншіден, ағаштар ауадағы көміртегін сорып алып, ауаға таза оттегін шығарса, халықтың көңіл күйі көтеріліп, денсаулығы жақсарады.
Үшіншіден, жүздеген жұмыссыз жүрген адамдарға тұрақты жұмыс болады.
Төртіншіден, жасанды орманға құстар мен қоян, сияқты аңдар келеді. Орманның ішінен малға азық дайындауға болады.
Бесіншіден, «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген, кейінгі ұрпаққа тал емес, бізден орман қалады.
Құрметті компания басшылары, біздің ел үшін жасаған ұсынысымызды қабыл алсаңыздар екен.
Құрметті Нұрлан Асқарұлы!
Жоғарыда аталған басшылардың басын қосып, ұсыныс сөз жүзінде қалмау үшін
нақты іске асуына көмектессеңіз.
Бұл менің емес, Жетібайдың 10 мыңнан аса халқының өтініші деп қабылдаңыздар.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk