Алаштың аяулы азаматы, белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбектің қазасы қалың жұртың қайғысына айналып, қалың қазақ азаматын жоқтап жатыр. Ардақты азаматқа қазақтың байырға дәстүрімен жоқтау айтып жатқан азаматтар да бар.
***
Бейсен, Бейсен, Бейсен-ай!
Не естіп тұр құлағым,
Өз-өзіме сенсем бе-ай?
Сені кетті дейді ме,
Түсіп барады еңсем-ай,
Жарығыңды қысқа ғып,
Бергенін-ай өлшеп-ай.
Жүрген жігіт емес пе ең
Ағайының алқалап,
Күтетұғын төр сені-ай.
Басар екен бауырына,
Енді қалай жер сені-ай.
Басылмай тұр көңілім,
Басылмай тұр кемсең-ай.
Енді қайтіп туар ма
Сендей ерлер еңселі-ай!
Сен еліңді сүйіп ең,
Ұмытпас енді ел сені-ай!
Еркін Шүкіман, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ҚАЗАНАМА
Жоқ!..
Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар,
Жазсам жайрап жаралы далаң қалар!
Аруанадай аңырап анаң қалар,
Қарс айырылып менің ұлттық санам қалар!
Жоқ!..
Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар,
Сенбеймін!
«Сізді өлді» дегендерге,
Қауесетке, жоқтауға, өлеңдерге.
Қайғысындай қазақтың –
Қайран тұлғаң,
Қалай ғана сияды денең көрге?
Достым:
«Ол енді жоқ» деп айта көрме,
Терең бір ағыстар да қайтады өрге.
Бар-дағы басын сүйе Алашыңның,
Бар-дағы «Жылама!» де байтақ елге.
Жоқ!..
Жазбаймын, Ол жайлы хабар жаман,
Күннің жүзін қарашы талураған!
Қасиеті ол – Қазақтың тоналмаған,
Зүлпыхарың еді ол – жоғалмаған!
Арасынан кіл дана, даралардың,
Мен оны Міңгілікке санағанмын.
ЖЕРден ұзақ бір жерге бара тұрам,
Қазасы ескіргенше Нар ағамның!..
Ұларбек Дәлей, ақын