arasha.kz

Спорт комментаторы Амангелді Сейітхан өмірден өтті

Белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан өмірден озды.

Амангелді Сейітхан 1969 жылы 11 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген.

Журналист соңғы 2 апта жансақтау бөлімінде ем алған.

Алматы облысындағы «Хабар» агенттігінің меншікті тілшісі Ардақ Айбарұлы Facebook парақшасында белгілі журналистің коронавируспен ауырғанын жазды.

«Бұл ажал дегенге шара бар ма? Белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан ағамыздан айырылып қалдық. Мына аты жаман індет ешкімді аямады-ау. Не дерімді білмей отырмын. Дүние – жалған деген осы. Отбасы, туған-туыс, дос-бауырларына қайғыра көңіл айтамын. Иманды болыңыз, жездеке», – деп жазды ол.

Амангелді Муатқанұлы 1969 жылы 11 мамыр күні Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы ауданында дүниеге келген.

1991-1994 жылдары «Спорт» газетінде істеп, 1994 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында «Тұғыр» атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болған. Ол телеарнадағы спорт бөлімінде бас редактордың орынбасары қызметін де қатар атқарды. Кейін «Құмсағат» бағдарламасының спорттық ақпараттар бойынша продюсері атанды.

Ал 1997 жылы «Хабар» арнасына ауысып, осы күнге дейін аталған агенттікте жұмыс істеп келді.

Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті.

Амангелді Сейітхан 2000 жылы еліміздегі спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты. Спорт шарасын «жеңісті күндерде жолыққанша» деп аяқтайтынымен көрермендер ықыласына бөленген еді.

Exit mobile version