«Жүрегің қан жылайды»: Ақтөбелік кәсіпкер тоғыз оқушысы қалған ауылға мектеп ашып берді.
«Жүрегің қан жылайды»: Ақтөбелік кәсіпкер тоғыз оқушысы қалған ауылға мектеп ашып берді

Ақтөбенің Хромтау ауданы Қарлау ауылындағы бастауыш мектепте бар болғаны тоғыз оқушы ғана бар. Құлайын деп тұрған ескі мектептегі оқушылардың саны санаулы-ақ. «Мектеп жабылса, ауылымыз құлайды» деп алаңдаған ауыл кәсіпкері жерлестеріне 40 орындық жаңа бастауыш мектеп салып берді.

«Қарлау – Бөгетсай ауылдық округінен қалған жалғыз ферма. Осыған дейін төрт фермасы болды. Қазір бәрі жабылып, оларда 3-4 үйден отыр. Сол ауылдың үстінен өткене жүрегің қан жылайды. Соғыс болып кеткен жер сияқты. Ана жер, мына жер қабырға болып тұр. Ауылымыз сондай болмасын деген тілекпен мектеп салдық.

Өзім осы Қарлау ауылында өстім. Осында білім алдым. Біз оқыған кезде ауылымыз үлкен, мектеп жасындағы балаларымыз да көп болатын. Кейін
Осыған дейін ауданымызда басшы болған Нағымжан Смағұлұлы «Қарлауға мектеп салайық» деген мәселені көтерді. Өйткені ауылдың ескі мектебі өте көне, құлаудың алдында тұрды. Тәуекелмен өткен жылы мектеп құрылысын бастадық. Пандемия салдарынан жұмыс жүрмей, тұралап қалған кездер болды. Биыл 1 қыркүйекке дейін мектебімізді бітірдік. Кеше облыстан білім басқармасының басшысы келіп, мекебімізді ресми ашып берді»,- дейді ауылдастарына мектеп сыйлаған кәсіпкер Жұмабай Бекмағанбетов.

Қазір 25 түтінді 146 адам тұрып жатқан Қарлау ауылы тұрғындарының қуанышында шек жоқ. 40 орынға шақталған бастауыш мектепке еңселі зәулім ғимараттай қарайды. Жаңа білім ордасында әр сынып бөлек отыра алады. Мектеп ішінде спорт зал,​ әжетхана, асхана бар.

«Мектеп біткен кездегі алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.​ Қуандым. Өткен жылы мектебім бітпей, қарыздан қиналып жүрген кезде іштей қиналып едім. Қазір мектепті тапсырғаннан кейін мойнымнан жүк түскендей. Абай атамыздың «Сенде бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» деген сөзін жаныммен түсіндім. Мектеп жабылса, ауыл құлайды. Осыған дейін ауданымызда әкім болған Нағымжан Смағұлұлы есімді азамат мектеп құрылысы басталған кезде​ «Егер мектеп құрылыс бітірсеңіздер ауылға газ тартамын» деген уәде берген. Ауылымыздың қасынан 300 метр жерден газ құбыры өтіп жатыр. Ауылға газ келсе, халық тұрақтанар еді. Жастарды ауылда алып қалу үшін газ бен су тартылса деген​ тілек бар»,- дейді кәсіпкер.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше,​ жаңа білім ордасының аумағы – 600 шаршы метр. Жоба құны – 40 миллион теңге. Бастауыш мектеп 40 орынға шақталған. Қазір мұнда 9 бүлдіршін білім алып, 3 педагог еңбек етеді.​

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.