Жылжымайтын мүлікке қатысты дау азаяды.
Жылжымайтын мүлікке қатысты дау азаяды

Жылжымайтын мүлікке қатысты дау ешқашан азайған емес. Соның ішінде мемлекет мұқтажына алынатын жылжымайтын мүліктерге байланысты туындайтын келіспеушіліктерге халықтың көзі үйренген. Азаматтар өз үйін, өз мүлкін қорғауға құқылы. Алайда, арнайы заңның болмауы жылжымайтын мүлікке қатысты мәселелердің бірыңғай шешілмеуіне алып келген еді. Құзырлы орындар шешіміне көңілі толмаған азаматтардың назы ақыры билікке де жетіп, тиісті заңнаманың жасалуына түрткі болған еді. Осылайша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы дүниеге келіп, онда азаматтық дауларға қатысты біраз мәселенің түйіні тарқатылды.

Мәселен, жоғарыдағы заң күшіне енген соң «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» заңына өзгеріс жасалды. Бұл ізгіліктің астарында меншік құқығын қорғауды күшейту мақсаты тұр. Соның ішінде ең ерекше тоқталатыны – несиесі бар азаматтарға қарызын өтеу үшін кепілдегі затын сауадалауға мүмкіндіктің берілуіне қатысты. Мысалы, жылжымайтын мүлкін кепілге қойып, кәсіп бастағандар, жоба жасағандар аз емес. Бірақ, тәуекел еткен істің оң нәтиже беруі екіталай. Сонысымен де ол тәуекел. Ал іс ілгері жылжымаған соң, қарыздың дер кезінде қайтарылмайтыны түсінікті. Мұндайда берешекті қайтаруды ғана ойлаған банктер кепілдегі затты алып қойып, өздері саудалайтын. Оларға жылжымайтын мүліктің негізгі бағасы қызық емес. Ең бастысы, берешекті өтейтін сома шықса болды. Қызығушылық жоқ болған соң банк өкілдерінің үйді арзанға саудалауы да мүмкін. Бұл жерде несие алған азаматтың алдағы тағдыры ешкімді қызықтырмайтыны түсінікті. Ал, өзгеріске орай егер банк заем шарты бойынша борышкердің қарызын оның кепілге салған жылжымайтын мүлкінен өндіру жайлы сотқа жүгінетін болса, борышкердің кепілге салынған жылжымайтын мүлікті өз бетімен сатуына мүмкіндік бар. Оған үш ай мерзім белгіленген.

Сондай-ақ, жаңа өзгерістер мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскелерінің бағасына қатысты да дауды азайтпақ. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға сәйкес енді жер телімінің өтем мөлшері нарықтық бағамен өлшенбек. Және, жер теліміне берілетін қаржымен келіспеген азаматтардың дәл сондай көлемдегі жер телімін талап етуге құқығы бар.

Жалпы, соңғы жылдары сотқа түсетін істер саны өскен. Тіпті, жыл сайын 4 миллион азаматтың дау қуып, сот табалдырығын тоздырып жүретіні ресми түрде нақтыланған. Нағыз жұмыс істейтін, пайда табатын уақытта азаматтардың дау қуып жүруі дұрыс емес. Бұл тараптардың ғана уақытын алып, қалтасына салмақ түсірмейді. Мұндай болмашы дау-жанжалдардың көбеюі соттардың да күрделі істерді түпкілікті қарауына кедергісін тигізеді. Осыған орай, Азаматтық процестік кодекске және «Нотариат туралы» Заңға өзгеріс енгізіліп, даусыз істердің 9 санаты нотариустардың құзырына өтті. Мысалы жалақыны өндіріп алғысы келгендер, коммуналдық қызметтер бойынша берешекті өндіруге қатысты даулар, нотариат куәландырған қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау бойынша келіспеушіліктер секілді істер енді сотта емес, нотариаттарда қаралып, шешіледі.  Осындай даусыз талапты нотариусқа қарағаннан кейін «Нотариат туралы» Заңның 92-1 бабының талабына сәйкес берешекті белгілейтін құжатта атқарушылық жазба жасайды немесе тиісті қаулы береді. Сонымен қатар, енді нотариустар коммуналдық төлемдер бойынша белгіленген тарифтерге сәйкес көрсетілетін қызметтер үшін берешекті өндіріп алу туралы атқарушылық жазбаны жолдайды. Себебі, биылғы жылдан бастап мұндай берешектерді өндіру нотариустың атқарушылық жазба жасауы арқылы жүргізілмек.

Мемлекетке, заңды, жеке тұлғаларға берешегі бар азаматтар аз емес. Солардың көпшілігі пәрменді қадам болмаса қарызын қайтаруға асыға қоймайды. Соған орай сот орындаушылар борышкердің дүние-мүлкіне, шотына тыйым салу үшін сот санкциясына жиі жүгінеді. Бұл іс те бұған дейін судьялардың қолын байлап, істердің көбеюіне түрткі болған еді. Ал, жаңа өзгеріске сәйкес, сот орындаушыларының жекелеген қаулыларын енді сот емес, прокурор санкциялайтын болды. Қазірдің өзінде сот орындаушылардың борышкерлердің атында банк шоттарының болуы, оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты алу, банктердегі ақшасына тыйым салу сияқты қаулыларын прокурорлар санкциялап жатыр.

Осыған қарап жаңалықтың бәрі қарапайым халықтың құқығын сапалы қорғау, әуре-сарсаңын азайту мақсатында жасалғанына көз жеткізер едік.

Гүлназ Әсенғазы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.