Қонаев қаласындағы жағажайлардың бірінде қайғылы оқиға орын алды, жас әйел суға батып кетті. Бұл қайғылы жағдай дәл сол жерде демалып жатқан Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің көз алдында болған.
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Кадрлардан демалушылардың әйелді судан өздері алып шығып, оны құтқаруға тырысқанын көруге болады. Алайда көрсетілген көмектерге қарамастан, қызды аман алып қалу мүмкін болмады.
Белгілі болғандай, қайғылы жағдай орын алған жағажайда құтқарушылар да, бейнебақылау камералары да болмаған. Сондай-ақ, құтқару шеңберлері, бақылау мұнаралары мен кезекші медицина қызметкері де жоқ болып шықты.
Куәгерлердің айтуынша, мұндай оқиғалар бұл жағажайда бұрын да тіркелген – төтенше жағдайда демалушылардың көмексіз қалуы жиі қайталануда.
Оқиғадан кейін депутат Базарбек жағажайлар мен демалыс аймақтарына ауқымды тексеру жүргізілетінін мәлімдеді. Ол бұл мәселені жеке бақылауына алатынын жеткізді.