Logo
Іздеу
Айдарлар

«Таза Қазақстан»: Алматыда Абайдың 180 жылдығына арналған іс-шаралар легі кең көлемді экоакциямен басталды

/
«Таза Қазақстан»: Алматыда Абайдың 180 жылдығына арналған іс-шаралар легі кең көлемді экоакциямен басталды
Сурет: Әкімдік

Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай алматылықтар Абай даңғылы бойында өткен сенбілікке белсене қатысты. 

Бүгін, 26 шілде күні таңертең Абай алаңында бірнеше жүз адам жиналып, қазақтың ұлы ойшылы әрі ағартушысының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған экологиялық акцияға қатысты. Бұл бастама республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өтті.

Алматы қаласының бес ауданын — Алмалы, Бостандық, Әуезов, Медеу және Наурызбай аудандарын қамтитын, ұзындығы 15 шақырымға созылған Абай даңғылы бойында абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізілді.

Акцияға түрлі ұйым өкілдері, жастар және белсенді қала тұрғындары қатысты. Олар Абай мен Достық көшелерінің қиылысында бас қосты. Іс-шара басталар алдында өткен отандық эстрада жұлдыздарының шағын концерті қатысушылардың көңіл күйін көтеріп, ерекше рух сыйлады.

Экоакция – ішкі мәдениетіміздің, туған қаламызға деген сүйіспеншілігіміздің және Абайға деген құрметіміздің көрінісі. Шарада сөз алғандар Абай Құнанбайұлы өзінің шығармаларында адам мен табиғат арасындағы байланысты жырлағанын, табиғатқа деген қамқорлық оның мұрасының маңызды бөлігі екенін атап өтті.

Қазақстан жұртшылығына танымал мәдениет өкілдері шығармашылықтан тыс та ел дамуына өз үлестерін қосуы тиіс екенін айтып, қоғамға пайдалы мұндай бастамаларға қуана қатысатындарын жеткізді. Олар бұл арқылы отансүйгіштік пен ортақ жауапкершілік сынды құндылықтарды дәріптеуді көздейді.

Эстрада әншісі Бағлан Ибраимов:

– Алматы – көркейген, әсем қала. Онда өмір сүріп жатқан әр тұрғын қаланың тазалығын сақтауға өз үлесін қосуы тиіс. Біз мұндай игі бастамаларға әрдайым қолдау білдіруге дайынбыз. Тазалық сақтау – бұл біздің қалаға деген махаббаттың нақты көрінісі, – деді.

Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев:

– Абай алаңы мен оның атындағы даңғыл – қаланың бет-бейнесі. Сондықтан бұл жер ұқыпты, таза болуға тиіс. Мәдениет басқармасы Абайдың 180 жылдығына арналған 117 іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Экоакция – сол бағдарлама шеңберіндегі алғашқы ауқымды бастама. Бұл біз үшін өте маңызды, – деп мәлімдеді.

Пәтер иелері кооперативі (ПИК) мен Мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) белсенділік танытқан қала тұрғындарына алғыс білдірді:

– Қалада тазалықты сақтау – әрбір тұрғынның міндеті. Біз көршілеріміздің, тұрғындардың сенбілікке атсалысып жатқанына қуаныштымыз. Бұл – қоғамда өзара жауапкершілік пен ынтымақтың белгісі, – деді ПИК қызметкері.

Абай даңғылы бойында орналасқан бірқатар бизнес құрылымдар да бұл бастамадан шет қалмады. Олардың қатарында Shafran, «Счастье» мейрамхана-үйі, Avenue City Бизнес орталығы, Promenade Business Park, Myata Platinum, «NAVAT» шайханасы, Resident Hotel Abay сынды мекемелер бар.

Сондай-ақ, экологиялық сенбілікке медициналық мекемелердің, мектептер мен балабақшалардың қызметкерлері де жұмылдырылды.

Жалпы қалалық сенбілікке 5 000-нан астам адам қатысты. 159 арнайы техника бірлігі жұмылдырылып, 1 240 м³ көлеміндегі қоқыс шығарылды.

Бұдан бөлек, Абай даңғылы бойында ашық аспан астындағы арт-алаң ұйымдастырылып, оған суретшілер, скетчерлер мен мүсіншілер қатысты. Бұл шығармашылық кеңістіктің негізгі бөлігін «QLab» урбанистикалық зертханасының жобалар көрмесі құрады. Көрмеде келесі жұмыстар ұсынылды:

Қаланың шынайы өмірін бейнелейтін вернакулярлық аудандардың карталары. Бұл карталар 22 000-нан астам тұрғынның пікірін қамтыған «Қала тұрғыны сауалнамасы» нәжижесіне негізделген;

Қайта өңделген пластиктен жасалған эко-мозайкалар. Бұл жұмыстар «Eco Network» ұйымымен бірлесіп жасалған және кеңес дәуіріндегі мозаика өнеріне заманауи көзқарасты танытады;

Қалалық парктер мен скверлердің макеттері мен дизайн-жобалары. Оларды «QCi Qazaq Creative Industries» компаниясымен бірлесе отырып дайындаған. Бұл жобаларда мәдени мұраны қазіргі заманғы қала инфрақұрылымымен үйлестіру жолдары көрсетілген.

Сонымен қатар, «QLab» институтының басшысы Жандос Жұмабай «Urban Code Almaty» атты жаңа урбанистика журналының алғашқы санын жұртшылыққа таныстырды.

Акцияның көркем символы – суретші Майя Энкер салған pop-up форматтағы Абай портреті болды. Іс-шара соңында қатысушылар QLab-тың коворкинг-кеңістігінде бас қосып, қалалық орта сапасын арттыру жолдарын талқылады.