Logo
Іздеу
Айдарлар

Ұлттық құндылықты дәріптейтін хабарлар – ұрпақ тәрбиелеудің алтын тамыры

/
Ұлттық құндылықты дәріптейтін хабарлар –  ұрпақ тәрбиелеудің алтын тамыры
фото: pixabay.com

Бүгінгі тұтынушының басым бөлігі газет-журнал қарамайды, телеарналарды көрмейді. Оларға қолындағы смартфон, гаджеттері арқылы ғаламтордағы ақпараттар мен түсірілімдерді көрген ыңғайлы, - деп хабарлайды Arasha.kz.

Тарихы мен салт-дәстүрін насихаттап, ерекшеліктеріне елді ұйыту арқылы табыс тауып отырған мемлекеттер көп. Соның ішінде бауырлас түрік елінің шоқтығы биік. Ел тарихындағы дана билеушілер мен дара тұлғаларды тірілтуге басымдық берген олардың осы ыждағаттылығының арқасында түрік жылнамасы көпшілікке жақсы таныс. Сүлеймен патшаға арнап шығарылған тарихи туындының өзі Түріктер топырағына қанша туристің келуіне түрткі болды. 

Қазақстанда да тарихи фильмдер түсіріп, тарихи тұлғаларды әдеби туындылардың кейіпкеріне айналдыруға, түрлі бағдарламаларда ұлттың өткенін түгендеп, өшкенін жаңғыртуға жан-жақты мән беріліп келеді. Бұрын тек газет-журнал беттерінде дәріптеліп, телеарналардағы белгілі бір бағдарламаларда насихатталатын тарихи деректердің енді ғаламтордағы түрлі платформаларға шығарылуы жағымды үрдістің басы. Себебі бүгінгі тұтынушының басым бөлігі газет-журнал қарамайды, телеарналарды көрмейді. Оларға қолындағы смартфон, гаджеттері арқылы ғаламтордағы ақпараттар мен түсірілімдерді көрген ыңғайлы. Соның ішінде бүгінгі аудитория шағын уақытқа сыятын, мағынасы жоғары, мәліметке бай хабарларды көргенді қалайды. Сондықтан, тұтынушылар көбірек таңдау жасайтын интернет кеңістікті, әлеуметтік желілерді пайдаланғандардың ұтары көп. 

Салт-дәстүр мен тарихты дәріптейтін бағдарламалар – ұлттың өткенін ұмытпай, бірегей сана қалыптастырып, ұрпаққа рухани тәрбие беруге көмектесетін маңызды тетік. Қазақстанда бұл бағыттағы ақтаңдақтардың орнын сауатты, салиқалы, танымдық мәні зор, құнды мәліметке бай, мазмұнды хабарлармен толтыруға қатысты қадамдар жасалуда. Мысалы отандық арналардағы «Qazaq History» бағдарламасы кәсіби тарихшылар мен зертеушілерді сөйлете отырып тарихи деректерге негізделген бейнелер, шежіре, батырлар мен хан-сұлтандар болмысын көрсетуге бағытталған. Ал журналист Ернат Мелсұлы жүргізетін Tarih Talk бағдарламасы қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты сарапшылармен сұхбат жүргізіп, жастарға талай тың мәліметтерді ұсынуда. 

Жалпы, Ернат Мелсұлының тарихқа қатысты деректерді жинау, ұсыну тәсілі басқалардан ерекше. Елдегі мерейтойлық даталарға орай велосипедпен шерулер ұйымдастыруды жолға қойған Ернат Мелсұлы өзі жүріп өткен жерлердің тарихи оқиғаларын түртіп алып, оны көпшілікке жеткізуді мақсат еткен. Бағдарлама авторының 2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай, ұлт ұстазының туған жері Сарытүбек ауылынан Ыстанбұлдағы Гүнешлі ауданында жерленген Мұстафа Өзтүріктің зиратына дейін велосипедпен жүріп өткенін біреу білсе біреу біле қоймас.  Ауыл мен ауыл, облыс пен облыс шекарасын басып өтудің өзі үлкен еңбек. Ал Ернат Мелсұлы мемлекеттер арасын жалғап жүрген азамат. 

Осы сапарында ол Түркияның әр ірі қаласындағы қазақтың тарихына қатысты мәліметтерді жинап, өз бағдарламасына өзек ете білді. Осындай ерекше форматта жасалғандықтан журналистің тарихи бағдарламасын сүйіп көретіндер көп.

Бұған дейін телеарналарда дайындалған «Қазақтың 100 әні», «Сыр сандық»,  «Күлтегін», «Тамыры терең тарих», «Ұлы дала өркениеті»,  «Сан ғасыр сыр шерткен», «Жеті қазына» сынды мазмұнды хабарлар бүгінде тұтынушысы көп интернет алаңдарға ауысқан. Жастардың санасына тез сіңісіп, ақпараттар жылдам қабылдануы үшін интернет алаңның таңдалуы өте дұрыс шешім. Себебі, жоғарыдағы бағдарламалардың барлығы ұлттық салт-сананы дәріптеуге көмектеседі, әрі олар мазмұнының тереңдігімен де ерекше.   Мәселен «Қазақтың 100 әні» ұлттық ән мұрасын түгендеуге, жаңғыртуға бағытталса, «Сыр сандық» – қазақтың салт-дәстүрі, ырым-тыйымдарынаа қатысты халықтың танымын арттыратын жоба. Ал «Күлтегін» – түркі тарихы мен көне жазбалар туралы толымды деректер мен зерттеулерді өзек етсе,  «Тамыры терең тарих» – Қазақстан мен Еуразия кеңістігіндегі тарихи тұлғалар мен оқиғаларды дәріптеуді, ондағы көпшілікке беймәлім деректер мен дәйектерді ұсынуды мақсат етіп отыр.