Logo
Іздеу
Айдарлар

Талғат Мұсабаев ел есінде қалай қалды?

Талғат Мұсабаев ел есінде қалай қалды?
Фото: коллаж arasha.kz

Қазақтың 2-ші, ал әлемнің 309-шы ғарышкері Талғат Мұсабаевтың дүние салғаны туралы тек отандық БАҚ-тар ғана емес, ресейлік ақпарат құралдары да жарыса жазып жатыр. Бұл да тектен-тек емес. Талғат Мұсабаев Қазақстанның Халық қаһарманы еді, сондай-ақ оның «Ресейдің Батыры» деген атағы тағы бар. Ол қос елден алған ордендерін бірдей тағып жүргенді ұнататын. Ең қызығы, Талғат Мұсабаевты екі елде де бірдей сынайтын. Қазақстан азаматтары Байқоңырда жиі орын алған «Протон-М» сияқты зымырандардың құлауы экологиялық апатқа әкеледі, сондықтан «Қазғарыш» басшысы ретінде Талғат Мұсабаев Ресейге қатаң талаптар қойып, ұлттық мүддені қорғауы керек деп есептесе, Ресей думасының депутаттары керісінше «Қазақстан «Роскосмосты» стратегиялық әріптес деп танымайды, ғарыш жобаларын еуропалықтардың қолына ұстата салды» деп Мұсабаевқа жиі шүйлігетін. Дума депутаты Михаил Ненашевтің осы тектес мәлімдемелерін қазақ ғарышкері жоққа шығарып, екі елдің стратегиялық әріптес, дос екенін алға тартушы еді. Әрине өз заманында «Қазсат» зымырандарының ұшырылуы Ресейді біраз әбігерге түсіргені анық. Бірақ, өкінішке қарай, Талғат Мұсабаев армандағандай, Қазақстан ғарыш державасына айналмақ түгілі, жеке ұлттық телефон кодына қол жеткізе алмай, ресейлік кодқа байланып отырған ел екені белгілі. Еліміз үшін Талғат Мұсабаев тек ұшқыш, ғарышкер ғана емес, сенатор, қоғам қайраткері еді. Гиннес кітабына енген ғарышкердің өмір жолын Аrasha сайты шолып көрді.  

Атасы репрессияға ұшыраған, анасы соғысқа қатысқан тұлға...

Өткен жылы ғарышкер өзінің туған күні қарсаңында Kazinform сайтына сұхбат беріп, онда өз атасы Орынтайдың 1930-шы жылдары репрессияланғанын айтыпты. Ал анасы Салиха Хамитқызы медициналық санитарлық батальон құрамында Берлинге дейін жетіп, соғыстан кейін Алматы облысы Қарғалы ауылына аман-есен оралған екен. Анасы ауылдық ауруханада жұмыс істеп жүріп, қолында үш ұлы бар, әйелі қайтыс боп кеткен Амангелді есімді журналистпен кездесіп, онымен отбасын құрады. Өз сұхбатында Талғат Мұсабаев бұл жағдайды былай еске алған:

- Соғыста аман қалған анам үшін менің дүниеге келуім құдайдың үлкен сыйы еді. Осылайша ауылдық ауруханада 30 жастағы Салиха Хамитқызы әп-сәтте төрт ұлдың, үйдің үлкендері – Болат, Марат, Мұрат және кенжесі Талғаттың анасы атанып шыға келді. Әкемнің тағдыры қиын болды. Оның әкесін, менің атам Орынтайды 1930-шы жылдары репрессиялаған. Ол басынан небір қиын күндерді өткізді: «Халық жауының ұлы» деген айдардың ауыртпалығын көтерді, жарынан айырылды, тіпті журналистік мансабында да көп әділетсіздікке төзуге тура келді. Бірақ әкем еш мойыған жоқ. Ол төрт ұлына ана болған әйелді кездестіріп, үлкен бақытқа кенелді. Айтпақшы, кейін Орынтай атамыз да ақталып шықты.

Ал ғарышкердің аты Халық қаһарманы Талғат Бигельдиновтің құрметіне қойылған екен. Үш жасында өз атының тарихын білген ол ұшқыш болуды шешіпті. 1998 жылы Астананың алғашқы «туған күні» ғарыш станциясындағы экипаж бен елорда арасында телекөпір ұйымдастырылып, онда Талғат Мұсабаев пен әнші Нұрлан Өнербаев Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқағаны ел есінде. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ғарыш айлағындағы ғарышкерге: «Сен құдайға жақынсың ғой, Астанаға айтылған тілектер қабыл болсын» дегенін ел ұмыта қоймаса керек. Талғат Мұсабаев кейінгі сұхбаттарында бұл телесеансты тіпті Америкада көріп, америкалықтардың өздері «қазақ рухына» тамсанғанын айтқан еді. Айтпақшы, ғарышқа ұшқыш үнемі үш затты алып жүрген екен: қасиетті Құран кітабын, Қазақстан Туы мен Байқоңырдың бір уыс топырағын.  

Қос азаматтығы болды ма?

«Қазақ рухы» демекші, ғарышкер көбіне орыс тілінде сөйлеген соң, ел ішінде көп сынға ұшырайтын. Өкінішке қарай, әдетте қазақтың танымал ақын-жазушысы дүние салғанда, интернеттің қазақ сегменті көңіл айтып, желіде сан түрлі жылы естеліктер көптеп жарияланса, қазақтың маңдайына біткен үш ғарышкерінің біріне қатысты жазбалар көп емес. Танымал бірен-саран адам ғана естелік жазба қалдырған. Белгілі журналист Несіп Жүнісбаев өз парақшасында Талғаттан бұрын оның әкесі, спорт журналисті Амангелді ағаны танығанын айта отырып, мына естелігімен бөліседі:

- Мен көп ұзамай самолет спортынан (жоғарғы пилотаж) КСРО чемпионы болған тұңғыш қазақ Талғат Мұсабаев жайлы естідім де іздеп барып, "Лениншіл жасқа" очерк жаздым.  Арада біраз жыл өтпей, Талғат пен Борисов деген ұшқыш екеуі бұзылған АН-2 самолетін айдалаға қондырып, 9 адамның өмірін сақтап қалды.  Мен дереу екеуін тауып алып,"302 рейс қонуға рұхсат сұрайды!" деген зерттеу мақала жазып, "Лениншіл жастың" бір бетіне түгел жарияладық.  Бұл оқиға жоғары жақтың көзіне түсті.  Біз оны екі ауыз сөзбен Одақтың бас газеті "Правдада" жарияладық. Сол кезде Талғат Одақтағы космонавтар отрядының есігін қағып, кіре алмай жүреді екен, біз газет редакторы У.Қалижановтың атынан сол кездегі Қазақстан министрлер Кеңесінің Төрағасына Талғатқа осы істе көмектесуін сұрап хат жаздық.  Ұзамай Талғат Одақ космонавтар отрядына қабылданды, - дейді.

Несіп Жүнісбаевтың бұл ойын өз жазбасында танымал саясаткер, мемлекет қайраткері Серік Әбдірахманов та растайды:

-  1985 жылдың күзінде «Лениншіл жас» газетінде Талғат Мұсабаев туралы мақала жарық көрді. Сол жерден оның КСРО-ның жоғары пилотаж бойынша екі дүркін чемпионы екенін және аты аңызға айналған екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтің құрметіне есімі қойылғанын білдім. Сол кезде мен Қазақстан ЛКЖО ОК-нің бірінші хатшысы болып жұмыс істейтінмін және қазақтан ғарышкер болуға лайықты үміткер табуды армандаушы едім. Бұл идеяны маған кездесулер кезінде ғарышкер достарым талай айтқан... Мақаланы оқып шыққан соң көмекшілеріме Мұсабаевты табуды тапсырдым. Көп ұзамай Талғат менің кабинетіме келді. Оған қарсы шықтым, ал ол маған әскери тәртіппен тік тұрып: «Сіздің бұйрығыңыз бойынша келдім» – деді. Айтпақшы, Талғат генерал-лейтенант шеніндегі тәжірибелі ғарышкер болған шағында да маған деген осы құрметін сақтады. Сол кезде-ақ оның сұңғақ бойлы, жігерлі тұлғасын көріп, көз алдымда болашақта Отан үшін ерлік жасап, халқын даңққа бөлейтін ғарышкер тұрғанына сенімді болдым, - дейді.

Серік Әбдірахмановтың айтуынша, Димаш Ахметұлы Қонаев Мұсабаевтың кандидатурасын бірден қолдап, Мәскеудегі Ғарышкерлерді даярлау орталығына хат жолдапты. Орталықтың жауабы жедел әрі оң болса да, Талғат Мұсабаевты бірден бекітпепті. Қолдан кедергілер жасалып, кезінде ғарышкер сынаған шенділер оның жолына тосқауыл болуға да тырысқан сыңайлы. Жалпы, Мұсабаевтың тік мінезді адам болғаны көп айтылады ғой.

Журналист, жазушы Несіп Жүнісбаев: «Халық оны Латвияда оқып, латыш қызына үйленгеннен соң құшағына тарта қоймады.  Қазақтың небір бөтен елден әйел таңдағандарының өзін ұлт көсемі, ұлт мақтанышы атандырып жүр емеспіз бе, неге бұлай? Халық оны таза техникалық тілде сөйлеп, таза темір-терсек арқалап, сол жайлы ғана айтқан  жан болған соң құшарлана сүйе қоймады.  Сахнада 4-5 ән айтқан әншіні ғашығындай сүйіп айрылмай жүрген қазаққа: "Талғат Мұсабаев ол әншіңді миллион рет орап алатын еңбек сіңірді қазаққа!" деп түсіндіре аласың ба? Олай айтсаң, қазақ саған жын қаққан біреудей қарайды. Бүгінгі қазаққа ғылым мен техника, математика мен кибернетика керек емес, оларға ән мен тойды бере бер, бере бер!» - дейді.

Ал орыстілді желі қолданушылары: «Қайтыс болған адам туралы жақсы сөз айту керек, болмаса ештеңе айтпау керек» деген сөзді алға тартып отыр.

Жалпы, Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет, атап айтсақ, 1994 жылы, 1998 және 2001 жылдары ұшқан. Жалпы ғарыштағы айлақта 341 күн, 9 сағат, 48 минут болған екен. Бұл адамның бір жылдық өмірі. Ғарышкердің отбасына келсек, жары Виктория Лацис тіс дәрігері, ұлы Данияр әскери маман, ал қызы Кәмилә психолог. Ғарышкердің немересіне дейін Ресейдің Суворов училищесін бітірген.

Ашық дереккөздерге сенсек, Талғат Мұсабаев 2007 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Бірақ бірер жыл бұрын «Выход к морю» телеграмм арнасы «Ресейлік мәліметтер базасындағы дерек бойынша, Талғат Мұсабаев 1997 жылдан бастап ресейлік болғаны көрсетілген. Нөмірге қарағанда, бұл кеңестік төлқұжат болған» деп айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Айтулы телеграмм арнасы: «Ол ресейлік төлқұжаттан бас тартуы керек. Заң бойынша қос азаматтықпен жүруге тыйым салынған”, – деп жазған болатын. Бірақ Сенаттың аппарат басшылығы «Сенатор Талғат Мұсабаев қазіргі таңда Қазақстан Республикасының азаматы» деп қысқа қайырған еді.

Талғат Мұсабаев журналистермен кездесу кезінде. Фото: ашық дереккөзден алынды.

Соңғы жылдары ғарышкердің аты дау-жанжалмен байланысты болды. Оның журналистпен арадағы дауы қоғамда қатты талқыланды. Бірақ ғарышкер «Менің де әкем журналист болған ғой» деп бұл тақырыпқа нүкте қоюға тырысты.

Қалай десек те, дүниеден ешкімді бей-жай қалдырмаған ғарышкер, қоғам қайраткері өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Талғат Амангелдіұлының үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа шығып, айтулы ерлігімен еліміздің атын әлемге танытқан батыр тұлға болғанын көңіл айту жеделхатында баса айтқан еді. Мемлекет басшысы Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі ұмытылмайтынын жеткізді.