10 тамыз күні 33 жастағы майор Нұржігіт Үйсінбаев туған жерінде соңғы сапарға шығарылды. Әскери авиацияға ғұмырын арнаған ол бала кезінен ұшқыш болуды армандаған. Анасының айтуынша, Нұржігіт тәртіпті, еңбекқор және техникаға шын берілген жан болған, деп Arasha.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Жастайынан әскери болуды армандады ғой. Кішкентайынан тәртіпке бағынып, бізді де тәртіппен жүргізетін. Аспанда қалықтап жүруді бала кезінен армандады. Бүкіл өмірін осы әскери авиацияға арнады ғой. Күндіз-түні ұшты. Мыңдаған сағаттар жинады. Санатын да көтерді. Бүкіл оқуын оқыды. Қандай жаңа шыққан оқу болса біреуінен қалмады ғой. Қатарының алды болды. Өзінің техникасын жан-тәнімен жақсы көретін еді гой. Мамам мен аспанда ұшсам, құстай қалықтаймын дейтін", – деп еске алды ұлын кара жамылған ана.
Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Ленгір қаласында туған ол отбасындағы екі ұлдың үлкені. 2008 жылдан бастап армандаған мамандығына дайындалып, ақыры 2010 жылы Ақтөбедегі "Әуе қорғанысы" оқу орнына түседі. 2014 жылы лейтенант шенімен түлеп ұшқан соң, 11 жыл бойы әуеде қызмет еткен.
Інісі Ержігіт Медетов ағасының өз ісіне адал, шылым мен ішімдікке әуестігі жоқ, мінезі тік азамат болғанын айтады.
"2010 жылы Актөбедегі "Әуе қорғаныстарына" түсті. Түскен кезде қатты қуанды. Өзінің арманы еді. 2014 жылы лейтинант шенімен шығып, содан бері 11 жыл ұшады. Қатты жақсы көретін тікұшақты. Сол тікұшақпен кетті енді. Түрінен танитын жағдайда болды. Бет-келбеті сақтальп қалған. 15 күн дегенде табылды. Жұмысына адал еді. Мінезі тік. Тап-таза, тура жүретін жігіт еді. Ішпейтін, шекпейтін. Еңбеққор еді гой. Үйдін үлкені болғасын қамқоршымыз еді. Еркелеп, соған сеніп жүрдік", – деді марқұмның інісі Ержігіт Медетов.
Еске салсақ, екі апта бұрын Алматы облысы Сорбұлақ маңында тікұшақ із-түссіз жоғалған еді. Алдымен тек техниканың бөлшектері табылса, кеше командирдің денесі судан шығарылды. Сүңгуірлер оны тікұшақтың сыртынан тапқан.