Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласын реттеу тетіктерін жетілдіруді елдің басты міндеттерінің бірі ретінде атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүкіл әлемде жасанды интеллектіні пайдаланудың құқықтық негізі белсенді қалыптасып жатыр.
«Еуропа Одағы, АҚШ, Қытай және Канада қауіп-қатерлер мен ықтимал мүмкіндіктерді ескере отырып, саланы реттеудің төл моделін жасақтауға кірісті. Қазақстан да өзінің нормативтік базасын қалыптастыруға тиіс. Осы орайда, озық халықаралық тәжірибеге сүйенген жөн. Ұлттық басымдықтар басты назарда болуға тиіс», – деді Президент.
Ол жасанды интеллект туралы заңда инновация, жауапкершілік пен қауіпсіздік мәселелері тең дәрежеде ескерілуі керектігін атап өтті.
«Азаматтардың құқығын, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау ісіне мән берілуі қажет. Заң жасанды интеллектіні дамытуға бөгет болмауға тиіс. Ереженің бәрі айқын әрі түсінікті болғаны жөн. Яғни инвестиция тартуға және технологияларды енгізуге барынша қолайлы заң әзірлеу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды дамыту маңызын атап, Үкіметке ABCDE моделі (AI, Big data, Cloud, Data Centers, Education) негізінде ұлттық цифрлық ландшафт құрылымын қайта қарау жөнінде тапсырма бергенін еске салды.
«Біз жақында Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютер кластерін іске қостық. Енді оны іс жүзінде кәдеге жаратуымыз қажет. Бірақ мәз болып, босаңсуға болмайды. Тиісті жұмыс әлі алда. Есептеу ресурстары баршаға бірдей қолжетімді болуы керек. Суперкомпьютердің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет. Осыған орай Үкіметке суперкомпьютердің қуатын әділ бөлу ережесін әзірлеуді тапсырамын. Келешегі зор стартаптар мен ұлттық маңызы бар жобаларға басымдық беру керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Тоқаев бүкіл мемлекеттік және квазимемлекеттік цифрлық экожүйені бірыңғай платформаға көшіруді тапсырды. Оның айтуынша, бұл тәсіл интеграцияны күшейтіп, артық шығынды болдырмайды және толыққанды деректер массивін қалыптастырады.
«Биыл шілде айында QazTech ұлттық цифрлық платформасы өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Ол бүкіл цифрлық әзірленім процестерін орталықтандырып, оларды енгізу уақытын қысқартады. Платформаны жаппай қолданысқа енгізу мақсатында 2026 жылдың қаңтарынан бастап QazTech-тен тыс жаңа ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізіледі», – деді Президент.
Оның айтуынша, Үкімет 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін QazTech платформасының толық ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету процедурасын аяқтауы тиіс.