Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Владимир Путин мен Дональд Трамптың Аляскада өтетін кездесуіне дайындық толық аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ушаковтың айтуынша, келіссөздердің негізгі тақырыбы – Украинадағы дағдарысты реттеу. Бұл мақсатта кездесудің толық бағдарламасы бекітілген. Жоспарға сәйкес, алдымен Ресей және АҚШ президенттері жеке жүздеседі, кейін екі ел делегациялары қатысатын кеңейтілген форматтағы келіссөздер өтеді.
Кездесу Алясканың Анкоридж қаласында жергілікті уақытпен 11:30-да басталады. Ресей тарапынан келіссөздерге Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Юрий Ушаков, Қорғаныс министрі Андрей Белоусов, Қаржы министрі Антон Силуанов және Ресей тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев қатысады.
Келіссөздер соңында Путин мен Трамп бірлескен баспасөз мәслихатын өткізеді.
Еске салсақ, екі ел көшбасшыларының Аляскадағы келіссөздері 15 тамызға жоспарланған. Алдын ала деректерге сәйкес, олар Украина мен Ресей арасындағы ықтимал бейбіт келісімді, оның ішінде белгілі бір аумақтарды алмастыру мәселесін талқылауы мүмкін.