Logo
Іздеу
Айдарлар

Өнер әлемі қара жамылды: Танымал эстрада әншісі қайтыс болды

/
Өнер әлемі қара жамылды: Танымал эстрада әншісі қайтыс болды
gettyimages

Кеңес, Беларусь және Ресей эстрадасында танымал болып, халыққа «Фантазёр» әнімен кеңінен белгілі болған әнші Ярослав Евдокимов дүниеден өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.

78 жасында өмірден өткен әртістің қайтыс болғаны туралы хабарды оның туыстары әлеуметтік желі арқылы жеткізді.

"Бүгін таңертең біздің сүйікті «Фантазёрымыз» Ярослав өмірден өтті! Қадірлі көрермендер мен тыңдармандар, ұлы әртістің өнеріне көрсеткен сүйіспеншіліктеріңіз бен қолдауларыңыз үшін алғыс білдіреміз! Сондай-ақ, құрметті жазылушылар, жылы лебіздеріңіз бен тілектеріңіз үшін рахмет. Олар Ярославқа зор демеу болып, оған күш-қуат пен сенім сыйлады. Ол талай әсем әндерді орындап, өмірін мәнді өткізді", – деп жазылған хабарламада.

Ярослав Евдокимов 1946 жылғы 22 қарашада Ровно қаласында қуғын-сүргінге ұшыраған отбасыда дүниеге келді. Оның балалық шағы Ровно облысындағы Корысть ауылында өтті. Кейін ол Норильскіге қоныс аударып, музыка мектебін тәмамдап, алғаш рет вокалмен кәсіби түрде айналыса бастады.

Әскери борышын Коль түбегінде өтеген Евдокимов әншілік қабілетін танытып, әуесқой өнер ұжымын құрды.

Әскерден кейін зауытта еңбек етіп жүріп, мейрамханаларда ән орындады. Кейін Беларуське көшіп, 1975 жылы Минск филармониясында тыңдаудан өтіп, солист атанды. Сондай-ақ ол М. Глинки атындағы Минск музыкалық училищесінде вокал бойынша білім алды.

1980-жылдары Евдокимов "Память" патриоттық әндер циклымен, сондай-ақ "Майский вальс", "Зачарованная моя", "Фантазёр" әндерімен көпшілікке кеңінен танылды. Оның орындауындағы шығармалар бірнеше рет "Песня года" тележобасында, сондай-ақ орталық телеарна мен радио эфирінде шырқалды.