Талғар қаласында болған қайғылы жағдайға қатысты марқұм жігіттің анасы мен жұбайы сұхбат берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналист Руслан Өтепбай арнайы жаназаға барып, жәбірленушінің отбасымен сөйлескен. Олар сүйікті қызы жауап бермеген жігіттің ағасын атып өлтіргенін, артынан қарулы топпен үйлеріне баса-көктеп кіргенін айтты.
Қара жамылған отбасының айтуынша, қаскүнемдер "бұл туралы біреуге айтсаңдар, сендерді де өлтіреміз" деп қорқытқан.
"Тасыр-тұсыр болып, үш жігіт келді. Біреуінің қолында пышақ, ал Еламан дегеннің қолында автомат болды", – дейді марқұмның жұбайы.
"Екеуінде пышақ. Автоматты маған кезеніп тұрып, ‘Қызыңды тауып бер’ деді", – дейді марқұмның анасы көзіне жас алып.
Әйелдердің айтуынша, олар келген жігіттердің жүздерін танымаған. Бірақ отбасындағы қаза жайлы күдіктілердің өз аузынан естіген.
"Балаңды атып келдім" деді", – дейді марқұмның анасы.
Оқиға дүкен маңында болғанын көршісі жеткізген. Хабарды ести сала жеткен келіншек күйеуінің екі жерден оқ жарақатын алғанын көрген.