Алматы облысының Талғар ауданында орын алған қайғылы оқиға елді дүр сілкіндірді. Қызды зорлап, интимдік суреттерін түсіріп, шантаж жасаған күдікті ауыл тұрғындарының көмегімен полицияға ұстатылғанымен, Талғар аудандық полициясы оны қамауға алмай босатып жіберген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алайда бір күннен соң күдікті жанында екі-үш адамымен бірге қыздың үйіне қайта оралып, жолай дүкенге бара жатқан 30 жастағы Ернар Тұрғанбековті көпшіліктің көзінше жүрек тұсынан екі рет атып өлтірген. Бұдан кейін ол үйге кіріп, отбасы мүшелерін қорқытып, үш жасар бүлдіршінді кепілге алған.
Қанды оқиғадан соң облыстық прокуратура мен полиция қылмыстық іс қозғап, істі арнайы прокурорлар бақылауына алды.
Бүгін қаза болған Ернар туған жерінде жерленді. Оның артында аяғы ауыр жары мен үш баласы жетім қалды.