Logo
Іздеу
Айдарлар

Археологтар су түбінен құнды жәдігерлер тапты

/
Археологтар су түбінен құнды жәдігерлер тапты
Сурет: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ археологтары су астынан ежелгі жәдігерлерді тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, барлау жұмыстарын Zhanibekov University археологиялық орталығының зерттеушілері жүргізген. 

«Биыл жыл басынан басталған қуаңшылықтың салдарынан Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданындағы Бөген су қойманың арнасы тарылған еді. Арна түбін зерттеген зерттеушілер құнды жәдігерлерге тап болды. Су қоймасы астында қалған тарихи-мәдени ескерткіштерге экспедиция бір аптаға жалғасып, нәтижесінде құнды жәдігерлер табылды», - делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінде. 

Бұл жәдігерлер – кейінгі палеолит пен мезолит кезеңіне тиесілі еңбек құралдары. Бір жерде шоғырланған кейінгі палеолит кезеңіне тиесілі 10-ға жуық халцедон тасы, нуклеустер және кесуге, жонуға арналған тас пластиналар бар. Су эрозициясы нәтижесінде тас кезеңіне тиесілі жәдігерлер мұқият зерттеуден өтті. 

Сонымен қатар кейінгі қола дәуіріне жататын бірнеше жерлеу орындарына қазба жұмыстары жүргізілгені айтылған. Сырты геометриялық сызықтармен безендірілген керамикалық ыдыстар, сондай-ақ ортаңғы бөлігі қоладан жасалып, сырты алтынмен көмкеріліп қапталған самай әшекейін ерекше айтуға болады. 

Шығыршық, қоладан жасалынған қос білезік, кенерлі сырға мен бас киімді әсемдеуге пайдаланған көптеген ұсақ моншақтар да табылды. Алайда, жерлеу орнында адам мүрдесі нашар сақталған. 
Археологиялық орталықтың жетекшісі А.Подушкиннің айтуынша, Түркістан облысы аумағынан әлі күнге дейін бұл кезеңге тиесілі осындай бұйымдар табылмаған.

"Экспедиция кезінде қаңлы-сармат кезеңіне жататын жерлеу орны да анықталды. Бұл жерде жауынгердің жанынан үш қанатты, қанаттары төменге қаратылған сапты жебе ұштары, тұрмыстық пышақ, құмыра және тоға табылды. Табылған жәдігерлер б.з.д. І ғ. – б.з. І ғ. тән деп жорамалданып отыр. Бұған қарап өңірде көне дәуірден бастап адамдардың толассыз мекендеуі жалғасып отырғанын байқауға болады", - дейді орталықтың ғылыми қызметкер Г.Стамқұлова. 

Қазба жұмыстары өңірдегі Ұлттық тарихи-мәдени қорық қызметкерлерімен бірлесіп атқарылды. Жәдігерлер зерделеніп, кейіннен мұражайға өткізіледі.