Logo
Іздеу
Айдарлар

Тасқа қашалған жұмбақ бейне: түркі мұралары

/
Тасқа қашалған жұмбақ бейне: түркі мұралары
Сурет: e-history.kz

Ақмола облысының Сандықтау ауданы – ежелгі тарихтың қазынасына айналған өңір. Соңғы жылдары бұл жерде жүргізілген археологиялық зерттеулер көне түркі дәуірінің жаңа беттерін ашып, бабаларымыздың мыңдаған жылдар бұрынғы тұрмыс-тіршілігін қайта жаңғыртып отыр. Сандықтау ауданының табиғи ландшафты – таулы жоталар мен өзен аңғарлары – ежелгі адамдардың мекендеуіне қолайлы болған. Археологтардың айтуынша, бұл өңір көне түркі тайпаларының маңызды орталықтарының бірі болған, деп жазды e-history.kz.

Соның бірі  - Сандықтау ауданына қарасты Балқашино ауылы. Ахеологтардың айтуынша, бұл жерден табылған жәдігерлер VI-XI ғасырларға тән болып отыр. Осыдан бірер күн бұрын БАҚ беттерінде осы Балкашино ауылының маңынан тағы бір құнды жәдігер - тас қабырғалар мен тас өңдейтін арнайы орындар табылды деген ақпарат тарады. Мамандардың айтуынша, бұл құрылымдар ежелгі шеберханалардың қалдықтары болуы мүмкін. Мұнда ежелгі адамдар тастарды өңдеп, құрал-сайман жасаумен айналысқан.

Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Данияр Тілеуғабыловтың айтуынша, биыл табылған археологиялық жәдігерлер аймақ тарихын жаңаша түсінуге және олардың жасын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Егер бұл ескерткіштер ортағасырлық кезеңге тиесілі болса, бұл өңірдегі өркениеттің үздіксіз дамығанын дәлелдейді. Қазіргі уақытта жәдігерлерді зерттеу мақсатында геосканерлеу сияқты заманауи технологиялар дәстүрлі археологиялық әдістермен бірге қолданылуда.Мамандардың пікірінше, мұндай тарихи олжалар көбінесе жазық даладағы қазба жұмыстары кезінде кездеседі. Алайда, Сандықтау ауданы – орманды аймақ, сондықтан бұл жерден табылған олжа ерекше маңызға ие.

Данияр Тілеуғабыловтың сөзінше, табылған жәдігерлер біртұтас археологиялық кешенді құрайды. Бірақ оның мәдени және тарихи маңызын толық ашу үшін осы жерде өмір сүрген адамдардың қонысын анықтау қажет. Бұл мәдениеттің қай дәуірге тиесілі екенін түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар, археологиялық кешеннен 10-ға жуық діни-рәсімдік қорғандар мен ұзындығы 450-500 метр болатын жасанды тас қабырғалар табылды. Ғалымдар бұл жердің түркі дәуірінде діни рәсімдерге арналған қасиетті орын болғанын болжайды.Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Жасұлан Үкеевтің айтуынша, тастарға ойылған адам бейнелері мен тас қабырғалар Қазақстанда өте сирек кездеседі. Бурабайда табиғи жолмен қалыптасқан және ХХ ғасыр басында салынған тастар болғанымен, Сандықтаудағы тас қабырғалар бірегей жәдігер болып отыр. 

Тасқа қашалған жұмбақ бейне

Тас бейне демекші өткен жылы Балкашино маңынан адам бет-бейнесі бейнеленген тас табылған еді.Биіктігі 0,8 метр болатын бұл мүсінде адамның мұрын, көз және ауыз бейнесі айқын қашалған. Археологтар бұл ғажайып тас мүсіннің VII-VIII ғасырларға тән екенін айтады. Бұл сол дәуірде өмір сүрген түркілердің портреттік өнерді қаншалықты меңгергенін көрсетеді дейді зерттеушілер. Бұл тастың тамыры тереңде тым тереңде жатыр. Көлемі үлкен әрі салмағы ауыр болғандықтан, оны орнынан жылжыту мүмкін емес. Тасқа қашалған адам бейнесі мен әуеден ғана көрінетін өзіндік жазулар жергілікті және шетелдік археологтардың назарын аударып отыр. Бұл жазулар мен бейнелер ежелгі түркілердің діни сенімдері мен мәдениетін зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашады.Сандықтау аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Меңдібай Қопабаевтың айтуынша, Жабай өзенінің жағасынан табылған бұл тас – адам бейнесі бар ерекше жәдігер. Арнайы мамандар зерттеу жүргізіп, оны IV-V ғасырларға жатқызды. Мұндай тас Солтүстік Қазақстанда бұрын-соңды кездеспеген. 

«Ата-бабаларымыз бұл тастарға жазулар мен бейнелер қашап, ұрпақтарына мұра қалдырған. Біз бұл тасты еңкейіп емес, тік қарауымыз керек, өйткені оның мәні өте зор», - дейді ол.  Бұл тас қазір мұражай қорында сақтаулы.

Бірегей артефакты Сандықтау ауданында «Орман» профилактикалық іс-шарасы кезінде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тапқан еді.  Бүгінде бұл жәдігерді жергілікті ғалымдармен қатар шетелдік зерттеушілер де зерделеп жатыр.Нақты болжамдар әзірше екі түрлі. Кейбірі артефактты қола дәуірімен байланыстырса, енді бірі оны кейінгі түркі кезеңіне жатқызады. Сондай-ақ, Сібірдегі қазбалармен ұқсастықтар байқалған. Облыстық «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының» директоры Жасұлан Үкеевтің айтуынша, артефакт мемлекеттік қорғауға алынды.Жалпы соңғы жылдары Сандықтау ауданында бес балбал тас табылды.  Бұл тастардың екеуі Сандықтау ауылы маңынан, біреуі Каминкадан, тағы бірі Бастырымовка елдімекеніне жақын жерден анықталды. Соның ішінде ең құндысы басында айтып өткеніміздей, Балкашино ауылы маңындағы Жабай өзенінің жағасынан табылған көне тас. Археологтар биыл да осы аумақта қазба және зерттеу жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.