Танымал америкалық актер, кинорежиссер әрі продюсер Роберт Редфорд 89 жасында АҚШ-тың Юта штатындағы үйінде дүниеден өтті, деп хабарлады The New York Times. Актермен серіктес болған агенттіктің директорының айтуынша, ол ұйықтап жатқан кезде көз жұмған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бергердің сөзінше, Редфорд нақты қандай себептен қайтыс болғаны көрсетілмегенімен, ол «жақындарының жанында, сүйікті жерінде» өмірден озған.
Роберт Редфордтың шығармашылығы
Голливуд жұлдызы өзінің мансабында 100-ден аса фильмге түсті. Оның ең танымал картиналарының қатарында «Бутч Кэссиди және Сандэнс Кид» (1969), «Президенттің бүкіл адамдары» (1976), «Кондордың үш күні» (1975) және тағы басқалар бар.
Актерлік мансабындағы ең табысты туындысы – 1993 жылы жарық көрген «Ұятты ұсыныс» атты мелодрама. Деми Мур және Вуди Харрельсонмен бірге ойнаған бұл фильм әлемдік прокаттан 267 миллион доллар жинаған.
Жетістіктері мен сынға түскен сәттері
Редфорд актер ретінде «Оскарға» тек бір рет – «Афера» (1973) фильмі үшін ұсынылды. Ал өзі түсірген алғашқы толықметражды картинасы «Қарапайым адамдар» (1981) оған режиссер ретінде «Оскар» сыйлады.
Сол жылы ол тәуелсіз американдық киноны қолдауға бағытталған Sundance институтын құрды. Кейіннен ол халықаралық Sundance кинофестивалін ұйымдастырып отырды.
NYT дерегінше, жылдар өте келе Редфордтың қаржылық жағдайы әлсірей түсті. Бұған кейбір бизнес-жобаларының сәтсіздігі себеп болған. Мәселен, жоспарланған Sundance кинотеатрлар желісі 2000 жылы банкротқа ұшырады.