Талғардағы сотта Хасан Қасымбаев пен оның серіктестеріне қатысты қылмыстық іс қаралуда. Алайда басты жәбірленуші Айыпжан Тәжіев кезекті тыңдауда күтпеген мәлімдеме жасап, Қасымбаевқа ешқандай талабы жоқ екенін жеткізді. Айта кетсек, дәл осы Тәжіевтің алғашқы айғақтары қылмыстық істің қозғалуына негіз болған еді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қасымбаевқа тағылған негізгі айыптар – MMA жаттықтырушысы Арман Әлімұловқа күш қолдану және ақша бопсалау. Іс ауқымды: барлығы 36 томнан тұрады. Қасымбаевпен бірге тағы бес адам сот алдында жауап беруде.
Формалды түрде сот ашық деп жарияланғанымен, журналистерді залға кіргізбеді. Тыңдау кешкі уақытта басталды. Кей айыпталушылар денсаулығына шағымданды. Ал жәбірленуші айыпталушылардың көзінше жауап беруден бас тартқаннан кейін сот оларды уақытша залдан шығарды. Қорғаушылар мұны айыпталушылардың құқығын шектеу деп бағалады.
Айыпжан Тәжіевтің сөзінше, ол Қасымбаевпен алғаш рет 2016 жылы танысқан.
"Мені Дархан деген танысым Талғарға ертіп барды. Ол мені тауға апарды. Сол жерде алғаш рет Хасанды көрдім. Қасында Чина деген адам болды. Кейін бәріміз кафеге бардық. Бірақ операциядан кейін көп нәрсені дұрыс есімде сақтай алмаймын", – деді ол.
Соттағы көптеген сұраққа Тәжіев "Есімде жоқ", "Білмеймін" деп қысқа жауап берді. Үзіліс кезінде оның ҰҚК-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлерінің бақылауында жүргені байқалды.
Айыпталушының әпкесі Айжан Қасымбаева тың отырыста күтпеген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, арнайы қызмет өкілдері жәбірленушіге "Не сұралса да, тек "есте жоқ, білмеймін" деп айт" деп сыбырлаған.
Қорғаушылар да Тәжіевтің айғақтарын қайшылыққа толы деп атады.
"Қорғаушылар да жәбірленушінің айғақтарын қайшылыққа толы деп бағалады: "Өзі "Хасаннан ештеңе талап етпеймін" деді. Бар шағымы Дарханға қатысты екенін айтты. Хасан бір рет қана ұрды деп отыр. Ал ақша бопсалау фактісін мүлде растаған жоқ. 36 том материал бар, бірақ Тәжіев олармен танысқан-таныспағанын да нақты айта алмады", – деді адвокаттар.
Сот барысында жәбірленушілердің бірі Арман Әлімұловтың анасы да сөз сөйледі. Ол Талғар полициясын қатаң сынға алып, қылмыстық іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бермегенін айтты.