Logo
Іздеу
Айдарлар

Backstreet Boys тобының концертінен қанша пайда түсті?

/
Backstreet Boys тобының концертінен қанша пайда түсті?
Фото: ашық дереккөзден алынды

Қазақстанда ивент-туризм оңтайлы дамып келеді. Әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопездің концертінен көп ұзамай елімізге америкалық әйгілі Бәкстритбойз тобы табан тіреді. Ұйымдастырушы Astana Concert компаниясының мәліметіне сенсек, елімізге әлемнің 45 елінен 12 000 турист келіпті. Атап айтсақ, Франция, Германия, Польша, Түркия, Финляндия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грекия, Эстония, Литва мен Ресей елдерінен жанкүйерлер арнайы келген. Жалпы, Астана Арена стадионына 25 000 адам жиналған. Астана әкімдігі жергілікті бюджеттен концертке ақша бөлінбегенін айтып отыр. Ал Алматыдағы америкалық музыканттардың концертіне 30 000 көрермен жиналған. Билет құны 40 000 теңгеден бастап 160 000 теңгеге дейін жеткен. VIP-орындар 200 000 теңгеден басталған.  

Бұған дейін Астанада танымал америкалық әнші, поп музыка стиліндегі әртіс Дженнифер Лопездің концертіне 15 000 шетелдік турист келіп, астанаға 6,5 млрд теңге пайда, ал мемлекеттік бюджетке 400 млн салық әкелді деп болжанған еді. Естеріңізге сала кетсек, Джей Лоның концертіне билет бағасы 40 000 мыңнан басталып, 200 000 мың теңгеге дейін барды. Сондай-ақ, концертте Fan-zona аймағы ұйымдастырылудан бөлек, VIP-Standing орындары да болған. Яғни, концертке сахнаға жақын жерде тұратын орындар 180 мың теңгеден сатылып кеткен.

Астанадағы концерт. Фото: Arasha.kz 

Алматыдағы Бәкстритбойздың концертіне билеттерді көбіне-көп Қырғызстан азаматтары сатып алыпты. Әрине, Алматы мен Бішкектің арасы небары 3-4 сағаттық жер. «Қазақ-қырғыз бір туған» демекші, Алматы қырғыздар үшін өз қаласындай жақын боп кеткен. Өзбекстан, Әзірбайжан мен Түркия туристері де Қазақстанда өтіп жатқан әлемдік жұлдыздардың концертіне қуана келеді. Бір менталитет, тіл ұқсастығы, ас мәзірінің жақындығы түркі елдеріне аса ыңғайлы. Бірақ жол ұзақтығына қарамастан, сонау Еуропадан арнайы ат терлетіп келіп жатқан туристер де жетерлік. Жалпы, орташа бағаласақ, Қазақстанда кемі 3-4, 5-6 күн болатын турист 500 000 теңгеден бастап 1 500 000 теңгеге дейін қаржы қалдырады деп есептеледі. Кейбір отандық БАҚ-тар Бәкстритбойз тобының концерті шамамен 8 млрд теңге пайда әкелді деп есептейді. Қазірше ұйымдастырушылар ресми ақпаратты жарияламады.

Астанадағы концерт. Фото: Arasha.kz 

Бәкстритбойз концерті құдалыққа ұласа жаздады ма?

1993 жылы құрылған Бәкстритбойз (қысқаша BSB) тобы 130 млн альбомын сатып, әлемдік музыка тарихына ең табысты топ ретінде енген. Поп, дәнс-поп, R&B, тин-поп жанрында өнер көрсететін кәсіби музыканттардың аты Голливудтың «Даңқ аллеясына» жазылған.

Астанадағы концерт. Фото: Arasha.kz 

Жанкүйерлер бұл топтың концертін отыз жыл күткендерін жазып жатыр. Ұйымдастырушылар алдымен Алматыға ат басын тіреген атақты әншілерді Шымбұлаққа апарып қыдыртыпты. Ал Астанада бойз-бенд мүшелері Бәйтерек, мұражай, этникалық мейрамханалар, тағы басқа көрнекі жерлерге барған. Сондай-ақ, Бейбітшілік және келісім сарайының жанындағы саябақта тал отырғызған. Тіпті, желіде топтың моншаға түскен суреттеріне дейін жүр. Бұған қатысты желі қолданушылары «Мүмкін, қазақтың қонақжайлылығын асыра көрсетудің қажеті жоқ па еді? Жігіттер ұзақ жолдан ұшып келді, мүмкін концерт алдында жай ғана көз іліп алғысы келген шығар» дегендей сыни пікірлерін білдіріп жатты. Бірақ топ мүшелері жылы қарсы алған елімізге алғысын жаудыруда. Олар топтың ресми парақшасы мен өздерінің жеке-дара парақшаларында жылы лебізін әлі де білдіріп жатыр. Топ мүшесі Ник Картер: «Бұл біздің Қазақстанға алғашқы сапарымыз. Бұрын-соңды біз бұл туралы армандай да алмадық. Екі керемет концерт үшін алғыс білдіреміз. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз» деп жазды. Астана әуежайында экипаж киімімен «Everybody» әнін айтып шыққан бишілер де топты қатты таң қалдырыпты. Әншілер «Сенесіздер ме, Қазақстан, Астанада бізді осылай қарсы алып жатыр!» деп таңдана жазған, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері «Wow! Керемет!» деп қолдап отыр.

Әлеуметтік желіде талқыланған концерт. Фото: скрин.

Айтпақшы, Алматыдағы концерт 1,5 сағатқа, ал Астанадағы концерт 2-3 сағатқа кешігіп басталды. Бұл тұрғыдан ұйымдастырушыларға сын айтушылар да табылды. Бірақ әлемдік турне кезінде батыс жұлдыздарының концертінің кешігіп басталатыны қалыпты жағдай саналады. Бір қызығы, концерт алдында «қан қыздыру» үшін шыққан Домино тобы 5 ән айтты, оның 4-уі орысша, ал 1-уі аралас тілде, яғни қазақша-орысша болды. Ең қызығы, топ орысша ән айтса да, ресейлік туристердің көңілінен шықпапты. «Бұлар кімдер? Жергілікті біреулер ме? Дұрыстау біреуді шақыруға болмас па еді?» дегендей пікірлерді алдыңғы қатарда тұрған Ресей азаматтары айтыпты. Ал жас әнші Alem қазақша хит әндерімен шыққанда, бүкіл стадион жарылып, қосылып ән айтып жатқанда, әлгі ресейліктер дискриминациялық сөздер айтыпты. Бұл туралы видео желіде кеңінен тарап жатыр. Бірақ бір қазақ қызы: «Сіздер Қазақстанға келдіңіздер! Артық сөйлемеңіздер. Бізге құрметпен қараңыздар» деп қайтарып тастаған. Әлеуметтік желі қолданушылары ресейліктердің ұлтты, тілді бөлетін «қылығын» сын тезіне алып, оларды жауапқа тарту керек деп жарыса жазуда.

Жалпы, концертке барған тыңдармандардың басым бөлігі қазақтар мен соғысқа лағнет айтатын әлем елдерінің азаматтары болғасын көпшілік жақсы көңіл-күймен тарасты. Тіпті, концертте қазақтың киіт кигізу салтымен бір жанкүйер топтың бес жігітіне бес костюм сыйлады. Желі қолданушылары «Бәкстритбойз концерті құдалыққа ұласа жаздады» деп қызық жағдайды қызу талқылап жатыр. Концерттен кейін әдемі дрон-шоу ұйымдастырылып, жиналғандарға тағы жақсы көңіл-күй сыйлады.    

«Реал Мадридтің» Алматыға келуі – бүкіл аймаққа сый

«Қайрат» футбол командасы Қазақстан халқына үлкен сыйлық жасады. Тосын сый бүкіл аймақ үшін үлкен қуаныш боп жатыр. Футболға билеттерді тек өз азаматтарымз ғана емес, жақын және алыс шетелден футбол жанкүйерлері іздеп жатыр. Әлемге әйгілі футбол жұлдыздары Мбаппе, Винисиус, Рюдигер, Вальверде мен Беллингемнің табаны Алматыға тиеді. Чемпиондар Кубогінің 15 дүркін иегері 30 қыркүйекте Алматы стадионында аты аңызға айналған «Қайратпен» ойнайды.

«Қайрат» пен «Реал» футбол командаларының ойынына билеттер сатылып кетті. Бағасы санаттарға бөлінген: Батыс трибунасы – 30 000 теңге (1-9 сектор, 1-2 қатар), 250 000 теңге (1-17 сектор), Шығыс трибунасы – 150 000 теңге (30-48 сектор), Солтүстік және Оңтүстік (қақпа артында) – 75 000 теңге (18-28 сектор, 49-60 сектор).

Өкінішке қарай, орыстілді медиа кеңістікте «Реалдың Қазақстанға келуі жеребенің қолдан ұйымдастырылғаны ғой» деген ақпарат та қасақана таралып жатыр. Желдің қай жақтан есіп тұрғаны айтпаса да түсінікті. Бұрын бүкіл әлемдік музыка, футбол, сән өнері, тағысын тағы салалардың жұлдыздары Мәскеуге ағылатын. Бірақ Мәскеу де кеңестік замандағыдай посткеңестік елдер үшін орталық болудан қалғалы қай заман?! Ал Украинаға қарсы соғыстан кейін тіпті санкция құрсауында қалып, Ресей азаматтары әлемдік жұлдыздардың Астана, Ташкент, Бакудегі концерттеріне баруға мәжбүр. Әрине, аймақтағы көшбасшы ел ретінде Қазақстан бір емес, қос мегаполисіне әлемдік А санатындағы әншілерді шақыра алады. Бұған дейін Астана мен Алматыға Дженнифер Лопез, Scorpions, Канье Уәст, 50 Cent, Николь Шерзингер, Уитни Хьюстон, Эйкон келсе, Бакуге Джастин Тимберлейк, Самарқандқа Өзбекстанның тәуелсіздік күніне орай Андреа Бочелли арнайы келген еді. Қоғам белсенділері соғысты қолдайтын ресейлік әншілердің концертін Қазақстанда өткізуге де қарсылық танытып келеді. Жақында белсенділер Украинадағы соғысты қолдап жүрген Тиматидің елімізде өнер көрсетуіне жаппай қарсылық білдірді. Оның орнына бейбітшілікті қолдайтын әлемдік жұлдыздар шақырылсын деген ниетте.    

Ивент-туризмді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқару керек. Кейбір сарапшылар заманға сай стадиондар салу қажет деген пікірде. Жалпы, Қазақстанда ивент-туризм тек концерттер өткізумен шектелмей, фестивальдар өткізу, спорттық шаралар, мәдени және іскерлік кездесулер, басқосулар ұйымдастырумен де ұласып жатыр. Егер Джей Лоға 15 000 жанкүйер, ал Бәкстритбойз тобына 12 000 тыңдарман келгенін ескерсек, жалпы айналдырған екі айда Қазақстандағы концертке 30 000 таяу туристтің арнайы келгені анық. Қазірше аты құпия әлемдік үш жұлдызбен келісімдер жүріп жатыр екен. Еліміз біртіндеп аймақтағы ивент-туризмнің ошағына айналып келеді. Кеңес одағында посткеңестік елдердің жүрегі Мәскеу еді, ал қазіргі жаңа заманда бүкіл аймақтың мәдени ошағы Астана мен Алматы боп тұр.