Logo
Іздеу
Айдарлар

Куала-Лумпурда Домбыра-party дүркіреп өтті

/
Куала-Лумпурда Домбыра-party дүркіреп өтті
Суретті түсірген автор

Малайзия астанасы Куала-Лумпурда Абайдың 180 жылдығына орай белгілі аудармашы, саяхатшы Нұрғиса Асылбекұлы Домбыра-party флешмобын ұйымдастырды. Осыдан 15 жыл бұрын Астанада ірі мегаполиске ұлттық мәдени леп беріп, домбыра үнін алаңдар мен көшелерде қайта жаңғырту үшін пайда болған жоба өзіндік брендке айналды. Нұрғиса Асылбекұлы бұған дейін бұл игі шараны Қазақстанның 7 қаласында, сондай-ақ әлем астаналары – Лондон мен Стамбұлда ұйымдастырған болатын, деп хабарлайды Arasha.kz

Куала-Лумпурдағы Домбыра-party шарасына бір топ отандастар мен қала тұрғындары, туристер жиналып, қызыға қарады. Онда Абайдың әндерінен бөлек, Шәмші Қалдаяқовтың, Алтынбек Қоразбаевтың репертуарынан әндер шырқалды. Малайзия халқы да Қазақстанды танып қалыпты. “Сіздер Қазақстаннан келгенсіздер ғой, тілдеріңізден білеміз” деп, қазақ тілінің құлаққа сіңе бастағанын жеткізді. Әлемнің түкпір-түкпірінен Куала-Лумпурға табан тіреген туристер де домбыра үні күмбірлеген шараны сурет пен видеоға түсіріп, ілтипатын білдірді. 

80 жасқа таяған америкалық турист Джейджей мырза Домбыра-party шарасын бастан-аяғына дейін тапжылмай қарады. Оның құрметіне Нұрғиса Асылбекұлы домбырамен ағылшынша ән айтып, шетелдік туристті таң қалдырды. Оңтүстік-шығыс Азияның төріндегі бұл игі шара барша көрерменді баурап алды. Бұл орайда белгілі аудармашы, саяхатшы Нұрғиса Асылбекұлы: 

– Домбыра үйдің төрінде шертілмей, тартылмай, шаң басып ілініп тұратын аспапқа айналмауы керек. Әр қазақ домбырада күй тартып, ән айта білуі керек, ұлттық болмысымыздың жаңғыруы да соған байланысты. Қуантарлығы, шетелдіктердің домбыраға деген ынта-ықыласы ерекше. Олар бұл көне аспаптан осыншама үн, тарих пен мәдениеттің төгіліп тұрғанына таң қалады. Біздің мақсат қазақтың ұлттық мәдениетін тек өз елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде насихаттап дәріптеу – дейді. 

Осылайша биыл елімізде кеңінен тойланып жатқан Абайдың 180 жылдығына орай атқарылған игі шаралардың қатарына Куала-Лумпурда дүркіреп өткен Домбыра-party флешмобы да қосылды. Малайзияда тұратын отандастарымыз бұл шараға жоғары баға беріп, ризашылығын білдірді.