Қазақ мәдениеті ауыр қазаға душар болды – Қазақстанның халық әртісі Майгүл Қазтұрғанова өмірден озды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі өнер иесінің қазасына байланысты оның отбасына, туған-туыстарына және жақындарына шын жүректен көңіл айтты.
"Майгүл Ибрагимқызы – қазақтың дәстүрлі ән өнерін өркендетуге үлес қосқан қайталанбас дауыс иесі, ұлт мақтанышы еді. Ол халықтық және кәсіби композиторлардың таңдаулы туындыларын асқан шеберлікпен орындап, ұлттық мәдениетіміздің бай қазынасын әлемге танытты. Өнер жолын әйгілі Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігіндегі "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестрінде бастаған Майгүл Ибрагимқызы өмір бойы қазақ өнерінің абыройын асқақтатуға адал қызмет етті. Оның орындауындағы шығармалар ел жүрегінен орын алып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылды. Өмірін ұлттық мәдениет пен руханиятқа арнаған абзал жанның адамдық болмысы, өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен ізгілігі кейінгі буын жастарға өшпес өнеге болып қала бермек. Майгүл Ибрагимқызының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталады деп сенеміз", – делінген хабарламада.
Майгүл Қазтұрғанованың өмірбаяны
Майгүл Қазтұрғанова 1951 жылы Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Ол 1980 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ән-хор факультетін профессор Н.Д. Юмашевтің жетекшілігімен тәмамдаған.
Өнер жолын әйгілі Нұрғиса Тілендиев басқарған "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестрінде жеке әнші ретінде бастап, кейін Талдықорған облыстық филармониясының “Алтын дән” ансамблінде қызмет етті.
1998 жылдан бастап Нұрғиса Тілендиев атындағы оркестрдің соло әншісі ретінде еңбек еткен.
Майгүл Ибрагимқызының өнері халықаралық деңгейде де мойындалды. 1994 жылы ол Пхеньянда өткен Дүниежүзілік фестивальда жеңімпаз атанып, қазақ ән өнерін әлемге танытты. Сонымен бірге “Отырар сазы” оркестрімен бірге Ирак, Германия, Франция, Қытай, Түркия және Корея елдерінде гастрольдік сапармен өнер көрсетті.
1995 жылы Майгүл Қазтұрғановаға "Қазақстанның халық әртісі" атағы берілді.