Белгілі әзілкеш, "Шаншар" театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов AIRAN бағдарламасына берген сұхбатында театрдың болашағына қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Көрермен арасында сүйікті ұжымға айналған театр бүгінде жаңа буын әзілкештердің азаюына байланысты қиын кезеңді бастан кешіріп отыр. Сұхбат барысында жүргізуші актерден: "Театр жабылып қалуы мүмкін бе?" – деп сұрағанда, Уәлибек Әбдірайымов ашық жауап берді.
"Иә, егер жастар келмесе, жабылуы мүмкін. Біз жиырма жылдықта қояйық деп ойлағанбыз. Жиырма бес жылдықты да өткіздік. Ширек ғасырды аттайық, сосын қоямыз-ау дедік. Отыз жылдыққа да келдік. Сонда менің сахнада айтқан сөзім: "Қояйық деп жүрміз, бірақ мына сіздер қойдыра алмай жатырсыздар. Мына келгендеріңіз үшін қоя алмай жатырмыз". Ал енді ол сиреп кетсе неге қоймайсың?" – деді Уәлибек Әбдірайымов
Ол сондай-ақ "Шаншар" театрының қазақ өнеріндегі орнын атап өтті.
"Қоясың ғой. Біздің ешқандай ренішіміз жоқ. Ешқандай көрерменге де, ешкімге де ренішіміз жоқ. Ал енді мен кейде ойлаймын, өзің сияқты білікті мамандар айтады: "Қазақ өнерінде "Тамаша" секілді тарихта қалатын болдыңыздар" деп. Ұмыт қалуымыз да мүмкін", – деді әзілкеш.