Logo
Іздеу
Айдарлар

Кенесары Қасымұлының шөбересі Арал тағдырын дәл болжаған

/
Кенесары Қасымұлының шөбересі Арал тағдырын дәл болжаған
Коллаж: e-history.kz

Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының шөбересі Натай Кенесарин Арал тағдырын 1950 жылы дәл болжаған. Өзбекстанның еңбек сіңірген геологы, өзбек ғылым академиясының академигі, доктор-профессор  Натай Әзімханұлы саналы ғұмырын көрші елде өткізіп, Ташкентте жерленген, деп хабарлайды Arasha.kz сайты  24kz-ке сілтеме жасап. 

Сонымен, ханның ұрпағы неліктен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды? Ол геология мен гидрология саласында қандай жаңалық ашты? 

“Кеңес заманында хан ұрпақтарының кейбірі тектерін ауыстыруға мәжбүр болды. Алайда Натай Кенесарин басына қандай ауыр іс түссе де, өзін Кенесары ханның шөбересі екенін жасырмаған. Ташкент Мемлекеттік архивінде Натай Кенесариннің қолымен жазған өмірбаяны сақтаулы. Әкесі Әзімхан «Алаш» қайраткері болған" - дейді  24kz тілшісі Дулат Нуркин. 

Шохида Давурова, Өзбекстанның Мемлекеттік архив орталығының ғылыми қызметкері: “Натай Кенесариннің естеліктерін оқып отырып, оның тағдыры өте ауыр болғанын байқадым. Өзінің еңбек жолын 1928 жылы Атырау облысында мұғалімдіктен бастайды. Бірақ оның бар ойы ғылым саласында еді. Арманына жету үшін Мәскеудегі геология институтына түседі. Алайда 1932 жылы әкесі алғаш сотталған кезде ол оқудан шығарылады. Сөйтіп, Шымкентке келуге мәжбүр болады. Әкесі босатылғасын Ташкенттегі Орта Азия геология барлау институтына түсіп, оны 1935 жылы қызыл дипломмен аяқтайды”. 

Натай Кенесарин мұнымен тоқтап қалмайды, білімін жетілдіру үшін Мәскеудегі геология барлау институтына түседі. Сол кезеңде, яғни, 1937 жылы Сталиндік репрессия басталады. Алаш зиялыларының бірінен соң бірі ұсталып, жазықсыз атылады. Олардың ішінде Натай Кенесариннің әкесі Әзімхан Кенесарин де бар еді. 

"Мұрат Кенесариннің естелігінен. «Мұрат Кенесарин – Натай Кенесариннің ұлы. Атам Әзімхан Кенесарин «халық жауы» деп 1937 жылы атылғаннан кейін әкеме қысым үдей түседі. Тіпті оқып жүрген институтынан оқудан шығарылады. Осыны естіген қазақтың көрнекті ғалымы Қаныш Сәтпаев әкеме араша түсіп, оны Ташкентке жібереді»  - дейді тілші. 

Жас ғалымның хан ұрпағы екенін Ташкенттегі орта жақсы біледі. Сол себепті оған үркесоқтай қарайды. Әйелі мен ұлын, екі қызын көшіріп әкелуге жағдайы болмайды. Үш жылға жуық отбасы Қызылордада, өзі Ташкентте тұрады. Геология институтында 1 жыл ғана қызмет істеп, жұмыстан шығарылады. Сөйтіп, ауылшаруашылық интитутында штаттан тыс қызметке кіреді. Тек 1953 жылы Сталин өлгеннен кейін Натай Кенесарин геология академиясына қайта қабылданып, жемісті еңбек жолын бастайды. 

“Ол өз еңбектерінде былай деп жазады: «Тіршіліктің дамуы, ең алдымен, тұщы судың барлық түрлерінің болуымен және олардың қорларымен анықталады. Дүниежүзінде тұщы су көздерін пайдаланудың ұлғаюы барған сайын арта түседі». Сол жылдары ол: «...2000 жылға қарай Сырдария мен Әмудария өзендерінің суын шамадан тыс тұтыну топырақтың тұздануына ғана емес, Арал теңізінің тартылуына әкеп соғады», - деп болжаған. Міне, солай болды” - дейді ғалым Шохида Давурова.

Кенесарин Кеңес Одағында тұңғыш болып жерасты суларының ұзақмерзімді режимі мен теңгерімін зерттеген тұңғыш ғалым. Сондай-ақ ол тұщы судың динамикасын, күн сәулесінің белсенділігіне қарап, анықтауға болатынын дәлелдеген. Ғылым саласындағы қажырлы жұмысы үшін ол Өзбекстанның еңбек сіңірген геологы атағын алды. 

“Біз тұрған қорымда Өзбекстандағы кілең атақты адамдары жатыр. Көптеген ғалымдар, доктор, профессорлар, әртістер осы жерде жерленген екен. Осы жерде Натай Кенесариннің сүйегі жатыр” - дейді Шыршық қалалық қазақ мәдени орталығының төрағасы Жақсылық Жорықбаев. 

Натай Кенесарин 1975 жылы 66 жасына қараған шағында дүние салады. Туған туыстары оны Ташкенттегі Шағатай зиратына жерлейді. Өмірін білім мен ғылымға арнаған көрнекті ғалымның аты бүгінде Өзбекстанның ғылым академиясында алтын әріппен жазылған.