Желіде бір жас жігіттің WhatsApp мессенджеріндегі отбасы чатына жазған хаты кеңінен таралып, көпшіліктің жүрегін елжіретті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол әскерге аттанар алдында ата-анасы жалғыз қалмасын деп достарының байланыс нөмірлерін тізіп, әрқайсысын қандай жағдайда көмектесе алатынын жазып қалдырған.
Бұл суретте жас жігіт ата-анасына достарының байланыс нөмірлерін қалдырған.
"Бахтиярдың нөмірі – үйдің маңында тұрады, ары-бері көтерісетін заттар болса айтыңдар", "Санжардың нөмірі – телефон, ноутбук, құжат, машина жөндеуді біледі", "Жанарыстың нөмірі – көлік керек болсағ алдын ала айтыңдар", "Қажымұқанның нөмірі – кез келген өтініш бойынша көмектеседі", "Оралхан – Жетісайдан, үйде бірдеңе сынып жатса, айта беріңдер, күнде жұмыста, бірақ алдын ала ескерткен жөн", – деп жазған жас жігіт өз отбасы чатында.
Осы суретті Threads желісінде жариялаған Айзада есімді қыз өз бауырынң әскерге бара жатқанын айтты.
"Бауырым әскерге аттанды. Ол ата-анамызға қарайлассын деп достарына осылай жазып қойды. Көзге жас келеді..." – деп жазды ол.
Бұл жазба Threads желісінде мыңдаған қаралым жинап, жүздеген пікірге себеп болды. Пікір қалдырғандар жігіттің жауапкершілігі мен бауырмалдылығына тәнті болған.
"Мұндай қамқор ұлға бәріміз тілекшіміз! Аман-есен оралсын!", "Ата-анасын ойлаған нағыз ер азамат!", "Мұндай бауырмал, жауапты ұл сирек. Тезірек елге аман келсін!", "Осындай ұлды тәрбиелеген ата-анасына бас иемін!", – деп жазды желі қолданушылары.