Министр 1600-ден астам ұлттық музыкалық аспап қойылған музей экспозициясымен танысты. Музейде сирек кездесетін және ұмыт бола бастаған аспаптарға ерекше назар аударылған. Атап айтсақ, желбуаз, мес сырнай, уілдек, тастауық және басқа да көне аспаптар бар. Барлық экспонатты музей қызметкерлері қолдан жасаған. Сонымен қатар, көпшілікке ұлттық киімдер залы мен мекеменің шеберханасы көрсетілді.
Аида Балаева Қазақстанда көне ұлттық музыкалық аспаптар, әшекей бұйымдар мен киімдерді қалпына келтіре алатын шеберлердің жетіспеушілігі туралы сөз қозғады. Министрдің айтуынша, Астанада осындай музейдің ашылуы ұлттық мәдениет пен қолөнерді насихаттауға зор үлес қосады.
«Музыкалық аспаптар да, ұлттық киім де – біздің ұлттық мұрамыздың бір бөлігі. Жақында Креативті индустрия қорын ашқанымызды білесіздер. Осы аталған дүниелер креативті индустрияның құрамдас бөлігі болғандықтан, музейдің филиалын сол қордың жанынан ашуды ұсынамын. Қор мен музейге туристер мен шетелдік қонақтар келеді, ал бұл өз кезегінде ұлттық мәдениетімізді ел ішінде де, шет елде де танытуға ықпал етеді», – деді министр.
Іс-шара аясында JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP мультиаспаптық ансамблі өнер көрсетті. Ұжым әртістері аспаптарын өздері жасап, авторлық композициялар жазады.
Өнер музейі XIX ғасырдың соңында салынған тарихи мектеп ғимаратында орналасқан. 1982 жылы бұл нысан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған. Музейде көне музыкалық аспаптарды қалпына келтіру және сақтау шеберханасы жұмыс істейтін болады.
Жаңа музей қалалық Біріккен музейлер дирекциясының құрамында жұмыс істейді. Оған саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған «АЛЖИР» мемориалдық кешені мен Сәкен Сейфуллин музейі кіреді.