Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақстанда балаларға қысым 53%-дан 38%-ға түскен

/
Қазақстанда балаларға қысым 53%-дан 38%-ға түскен
Фото: коллаж arasha.kz

13–14 қазан күндері Румынияның астанасы Бухарестте ЮНИСЕФ пен Румыния Үкіметі ұйымдастырған балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі өңірлік конференция өтті. Бұл жиынға Еуропа мен Орталық Азияның 30-дан астам елінен өкілдер қатысып, бала қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етудегі тәжірибелерімен бөлісті.

Қазақстан тәжірибесі – өңірлік үздіктердің қатарында

Соңғы жылдары Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау бағытында елеулі институционалдық және заңнамалық өзгерістер енгізілді. MICS–2024 халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша, елімізде ата-аналардың балаларды жазалау мақсатында физикалық немесе психологиялық зорлық көрсету деңгейі 53%-дан 38%-ға дейін төмендеген. Бұл — Еуропа мен Орталық Азия кеңістігіндегі ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Мұндай нәтижеге жетуге бірнеше жүйелі шаралар ықпал етті:

«Буллинг» ұғымы заңнамаға алғаш рет енгізіліп, әкімшілік жауапкершілік қарастырылды.

2024–2025 жаңа оқу жылынан бастап «ДосболLIKE» атты ұлттық антибуллинг бағдарламасы барлық мектептер мен колледждерде іске қосылды. Бағдарламаның пилоттық кезеңінде буллинг жағдайларының азайғаны тіркелген.

Барлық білім беру ұйымдарында «Жеке қауіпсіздік» сабақтары енгізіліп, оқушыларға өз шекарасын қорғау және көмек сұрау дағдылары үйретіледі.

Қолдау мен көмек жүйесі кеңейді

Балаларға қолдау көрсету тетіктері де айтарлықтай жетілдірілді. Елімізде бүгінде:

Психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері,

Психологиялық көмек орталықтары,

Отбасын қолдау орталықтары және

Қиын жағдайдағы отбасылармен жұмыс істейтін мобильді топтар тұрақты түрде жұмыс істейді.

Сондай-ақ, «111» бірыңғай байланыс орталығы арқылы балалар кез келген уақытта көмек сұрай алады. Мектептерде орналастырылған QR-кодтар арқылы аноним хабарлама жіберу мүмкіндігі де қарастырылған — бұл балалардың өз мәселесін ашық айтуына жол ашады.

Цифрлық жүйе мен заңнамалық база

Мемлекет қолға алған барлық шаралар SAFE интерактивті платформасы арқылы біріктірілген. Бұл платформада балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты деректер, заңнамалар және көрсеткіштер жинақталып, білім беру ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдардың өзара әрекеттестігі жолға қойылған.