Журналист Асылхан Мамашұлы әнші Димаш Құдайбергеннің азаматтығына ерекше баға берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
"Димаштың әншілігіне әу бастан тәнтіміз ғой, осы жолы азаматтығына да тәнті болдым. Ресейліктерге "бізде қазақша сөйлейтіндер көбейіп барады, Ресей Қазақстанмен айналысуы керек" деп көкіген Энергетика министрлігі қоғамдық кеңесінің бұрынғы мүшесі Олжас дегенге былай деп жазыпты: "Мы казахи уважаем все языки мира. Но уважение начинается с самого себя. А тот, кто стыдится своего языка ради чужого одобрения теряет не слова – теряет корни. Олжас, надеюсь, тебя, провокатора уволять с работы так как ты испуганный маленький мальчик. Не стал писать на казахском так, как ты не знаешь казахского". Дәл бұлай қатты айтқанын бұрын байқамаппын. Басқа біреу болса, менің деңгейім емес дер еді. Саясаты да құрысын, тілі де құрысын, әнімді салып жүре берейін дер еді. Димаштың ойлы жігіт екені, елге алаңдайтыны әрдайым сезіледі. Қанша мақтаса да асып, тасымайды. Әлем сонысы үшін де жақсы көреді. Әнші ретінде ғана емес, тәуелсіз азамат ретінде де өсіп келе жатыр. Өз сөзін өнерде жүріп-ақ айтады әлі. Рақмет, Димаш!" – деп жазды Асылхан Мамашұлы.