Қазақстан соңғы жылдары жоғары білім саласында айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. 2024 жылы ел университеттерінде 31,5 мың шетелдік студент білім алған — бұл ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Алайда Үкімет бұнымен шектелмей, алдағы үш жылда бұл санды 150 мыңға дейін жеткізуді көздеп отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мұндай өршіл мақсатты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек University World News басылымына берген сұхбатында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Қазақстан әлемдегі визалық саясаттың қатаюын өз пайдасына қолдана отырып, шетелдік студенттер үшін жаңа бағытқа айналуға тырысуда.
«Канада, Ұлыбритания, АҚШ және Еуропа елдері соңғы уақытта виза беруді қиындатты. Бұл елдерге студенттер азайып барады. Ал біз үшін дәл қазір мүмкіндік терезесі ашық тұр. Ол кез келген сәтте жабылуы мүмкін», — деді С. Нұрбек.
Қазір Қазақстанда шамамен 700 мың отандық студент бар, ал шетелдіктер олардың 5 пайызын ғана құрайды. Министрдің айтуынша, елдің әлеуеті бұл көрсеткішті 20–25 пайызға дейін ұлғайтуға жетеді.
Егер жоспар орындалса, әрбір төртінші студент шетелден келетін болады.
2024 жылы шетелдік студенттердің ел экономикасына қосқан үлесі 30 миллиард теңгеден (шамамен 56 миллион АҚШ доллары) асқан. Бұл — 40 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген.
Негізгі студенттер легі Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Вьетнам, Ресей және Таяу Шығыс елдерінен келеді. Үндістаннан келген студенттердің саны — 12 мыңнан астам, олардың басым бөлігі медициналық бағыттарда оқиды.
Бұған қоса, соңғы жылдары алғаш рет Ресей мен Қытайдан келген студенттердің саны айтарлықтай артқан. Бұрын бұл елдерден Қазақстанға жоғары білім алу үшін келушілер болмаған.
Қазақстан шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік орнату арқылы білім сапасын арттыруда. Соңғы бес жылда елде 40-қа жуық бірлескен бағдарлама іске қосылып, бес толыққанды шетелдік кампус ашылды.
Олардың қатарында:
- Кардифф университеті (Ұлыбритания) – 2025 жылы ашылды;
- Ковентри университеті (Астана);
- Де Монфорт университеті (Алматы);
- Вусонг университеті (Оңтүстік Корея, Түркістан облысы);
- Марке политехникалық университеті (Италия, Талдықорған).
Сонымен қатар, Аризона университеті, Колорадо тау-кен мектебі, KAIST және Глазго университеті Қазақстандағы серіктес оқу орындарымен бірігіп кампустарын іске қосуда.
Білім саласындағы осындай қарқынды даму өзімен бірге жаңа мәселелерді де әкелді. EnergyProm агенттігінің есебіне сәйкес, елде 6 мыңнан астам студентке арналған жатақхана орны жетіспейді.
Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін жекеменшік инвестициялар мен мемлекеттік қаржыландыруды біріктіру жоспары жүзеге асуда.
«Біздің басты шектеуіміз – инфрақұрылым. Бірақ біз бизнес ресурстарын тарта отырып, жаңа кампустар салуды жалғастырып жатырмыз», — деді ол.