Бүгін Республикалық маңызы бар «Қалбатау–Майқапшағай» тасжолы салтанатты түрде ашылды. Аталған тасжол Қытай мен көршілес Ресейді байланыстыратын транзиттік дәліз. Оған қоса Абай облысы мен Шығыс Қазақстанның бірнеше ауданын орталықпен жалғайды. Ондағы жаңғырту жұмыстары жеті жыл бұрын басталып, ұзаққа созылған болатын. Енді көптен күттірген күре жол ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Халықаралық логистикалық дәліздің 184 шақырымы Абай облысы арқылы өтеді. Жол бойында Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандары жатыр. Күре жолдағы күрделі жөндеу кезінде жергілікті халыққа қатынас ауырлап, жылдап бейнет көрген.
«Тек облыстық қатынасты ғана емес, халықаралық транзитті қамтамасыз ететін стратегиялық дәліз. Мұның осы Республика күні, еліміздің басты мерекесі қарсаңында пайдалануға беріліп отырғаны облыс жұртшылығы үшін өте маңызды мереке», - дейді Абай облысының әкімі Берік Уәли.
Тас жол аймақтың экономикалық тұрғыдан дамуына, туристік ағынның артуына, өңіраралық байланысты жақсартуда өте маңызды.
Қайта жаңарту жалпы ұзындығы 415 шақырым болатын 10 учаскені қамтыды.
«2019 жылдан бері бұл жоба іске асыру басталды. Әрине ол уақытқа ковидтің таралуы тура келді. Тас мәселесі, битум мәселесі шешілмеген себебімен осы жоба біраз созылып кетті. Былтырдан бері Президент тапсырмасына сәйкес барлық сұрақтар шешілді», - дейді “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Жобаны іске асыру Қытайдың Экспорттық-импорттық банкінің қаражаты есебінен және республикалық бюджеттен қаржыландыру арқылы жүзеге асырылды. Құрылыс сапасын “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” жіті бақылап отырған.
«1104 құрылыс материалдары іріктеп алынып, лабараториялық сынақтан өткізілді. Жол белгілері, жолдың тегістігін тексеріп жатырмыз», - дейді “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” филиалының директоры Мейіржан Бауыржанұлы.
Жол бойында демалыс алаңдары, көпірлер мен өткелдер де салынды.