Белгілі айтыскер ақындар Сара Тоқтамысова мен Айбек Қалиев жаңа пәтерге ие болды, деп Arasha.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иелері елордада өткен "Алтын домбыра" айтыскер ақындар байқауына қатысып, жоғары нәтиже көрсетті.
Сара Тоқтамысова әлеуметтік желідегі жазбасында айтыс өнерінің ауырлығы мен алған сыйдың рухани маңызын атап өтті:
"Шынымды айтсам, осы айтысқа қатысамын ба, қатыспаймын ба деп екіойлы болдым. Айтыс – ең ауыр өнер. Бүгінгі ішкі күйім өзіме ғана мәлім. Әйелдің жаны нәзік келеді. Мынандай өнерде тіс қаққан азулы ер азаматтармен сөз сынасу оңай дүние емес. 25 жыл айтыс сахнасында жүрмін ғой. Ешуақытта өз тарапымнан қазылардың бағасын сынаған емеспін. Маңдайыма жазылған несібені алып ,шүкірлігімді жасап жүрген жанның бірімін. Бүгінгі байқау тіпті ерекше өтті. Махат ағам Астананың төрінен пәтердің кілтін берді. Сыйлаған пәтері – мен үшін тек қабырғасы бар үй емес, жолымның дұрыстығына берілген батасы іспетті. Ол баспана – өнердің, еңбектің, адалдықтың киесімен өрілген ордадай", – деп жазды Сара.