58 жасында Ресейдің белгілі театр және кино актері Геннадий Назаров өмірден өтті. Бұл туралы 26 қазанда Мәскеудегі "Петр Фоменко шеберханасы" театры хабарлады, деп жазады Arasha.kz.
"Жаны жәннатта болсын. Достары мен туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз", — делінген театрдың естелік жазбасында.
Геннадий Назаров кино әлемінде алғаш рет 1994 жылы Владимир Войновичтің "Солдат Иван Чонкиннің өмірі мен ғажайып оқиғалары" романының экрандық нұсқасында басты рөлді сомдап, дебют жасаған.
Актерге бүкілресейлік танымалдылықты Петр Тодоровскийдің "Неткен ғажап ойын" (1995) драмасындағы Коля Рябкин рөлі алып келген. Назаров 1990-жылдары Георгий Данелия, Николай Досталь, Андрей Кончаловский және Алла Сурикова сынды әйгілі режиссерлердің фильмдеріне түсті.
Ауыр дертке шалдығуына байланысты 2009 жылдан бастап Назаров кино мен театр сахнасынан кетіп, шығармашылық қызметін тоқтатуға мәжбүр болған.
