Logo
Іздеу
Айдарлар

"Бас сүйегінің 25%-ы жоқ": Мөлдір Мұқан Тұрсынбектің денсаулығы жайлы шындықты айтты

/
"Бас сүйегінің 25%-ы жоқ": Мөлдір Мұқан Тұрсынбектің денсаулығы жайлы шындықты айтты
ашық дереккөзден

Журналист Жанар Байсеміздің YouTube подкастында сұхбат берген продюсер әрі актриса Мөлдір Мұқанова бұрынғы күйеуі, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовқа Алматыдағы ауруханалардың бірінде жасалған күрделі операция туралы айтып берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мөлдірдің айтуынша, Тұрсынбек Қабатовтың басына ауыр ота жасалып, бассүйегінің шамамен 25 пайызы алынған. Алайда бұл жағдайға нақты не себеп болғанын ол білмейтінін жеткізді.

"Біреу ұрды ма, әлде өзі құлады ма – білмеймін. Тұрсынбектің өзі "құлап қалдым" деп айтты. Егер адамның басы толық домалақ болса, соның төрттен бірі жоқ. Дәрігерлер бассүйегін қайта орнына сала алмай, пластикалық қорғаныш қойған. Операциядан кейін үйіне келіп, біраз уақыт ем қабылдады. Ер адам басына іс түссе, ең алдымен әйелін іздейді ғой, сондай сәттер болды. "Тұрсынбек, сен неге сондайсың?" деп әзілдейтінмін. Өнер адамы да пенде ғой, ауырады. Сол кезде ел-жұрт та уайымдады, біз де қатты алаңдадық", – деді Мөлдір Мұқанова.

Ал Тұрсынбек Қабатов бұл жағдай туралы бұған дейін өзі де әзіл аралас айтып өткен болатын.

"Басыма ота жасалды. Тромб болып, дәрігерлер басымның "қақпағын" алып тастады. Қазір алдарыңызға жартыбас болып шығып тұрмын. Көп сөйлеп кетсем, түсінерсіздер", – деген еді шоумен.