Бүгін танымал әнші Мейрамбек Беспаев туған күнін тойлап жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
"Бүгін 49-ға келдім", – деп жазды Мейрамбек Беспаев әлеуметтік желісінде.
Мейрамбек Әбіләшімұлы Бесбаев – белгілі әнші, термеші, әйгілі "Музарт" тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Ол 1976 жылдың 7 қарашасында Жамбыл облысы, Талас ауданында дүниеге келген.
Өнер иесінің жұбайы – Мархабат Бесбаева.
Мейрамбек өнер жолына ерте араласқан. Алғашқы музыкалық білімін Тараз қаласындағы "Глинка" атындағы музыка мектебінің қобыз сыныбында алады. 1989 жылы ол Алматы қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепке ауысып, кәсіби білімі мен орындаушылық шеберлігін шыңдай түсті.
1994-1998 жылдары Т.Жүргенов атындағы театр және кино академиясының "Актер, драма және кино" факультетінде білім алып, кейін 1997 жылы қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясының актерлік бөлімін тәмамдады.
Мейрамбек Бесбаевтың шығармашылық жолы "Сүйінбай атындағы филармонияда" әнші (солист) қызметінен бастау алды. Оның репертуарында Кенен Әзірбаевтың, Алтынбек Қоразбаевтың ("Бозторғай", "Кеш жарық", "Шаш-баулым") және Нұрғиса Тілендиевтің ("Өз елім") сынды қазақ композиторларының туындылары бар.
2002-2007 жылдары ол "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымында солист ретінде еңбек етті.
2010 жылы продюсер Баян Алагөзованың жетекшілігімен түсірілген "Ғашық жүрек" көркем фильмінде өз рөлін өзі сомдап, актерлік қабілетін де танытты.