"Анашым шалқып күлсең, алдымда ұзақ жүрсең…" деп басталатын елге кеңінен белгілі ән енді Нұрлан Өнербаевтың репертуарынан алынатын болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әнші бұл жаңалықты телеарнаға берген сұхбатында айтып, аталмыш шешімге композитор Марат Омаровтың өтініші себеп болғанын жеткізді. Айта кетейік, халыққа жақсы таныс бұл әнді Нұрлан Өнербаев 37 жыл бойы сахнада орындап келген.
Алайда соңғы уақытта әннің авторы Марат Омаров өзінің есімі аталмай жүргеніне реніш білдірген.
"Көпшілік бұл әнді Нұрланның жеке туындысы деп ойлайды. Караокеден бастап барлық жерде солай жазылған. Тіпті әннің сөзін жазған Қайрат Жұмағалиевтің қызы да "әкемнің аты аталмайды" деп өкпесін айтты. Нұрланның дауысын құрметтеймін, бірақ авторды атау – орындаушыны кішірейтпейді. Мен оған: “Егер концерттерде авторды атамайтын болсаң, бұл әнді орындамағаның дұрыс” дедім. Халық "Анашым" әнін Нұрланның жеке әні деп қабылдап жүр", – деді композитор Bugin Live бағдарламасында.