Беларусь президенті Александр Лукашенко Бішкектегі саммитте Қырғызстанның биліктен тайдырылған бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің өмірі туралы пікір білдірді. Ол Бакиевтің Минскіде көп жылдан бері тұрып жатқанын еске салды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Лукашенконың айтуынша, Бакиев Беларусьта өзін жайлы сезінеді және ол бұрынғы қырғыз лидерімен үнемі кездесіп тұрады.
«Бакиев жақсы өмір сүріп жатыр. Бәрі қалыпты. Біз оны сіздерге енді жібермейміз. Мен оған: “Ешқандай сапар жоқ, болды! Беларусьте өмір сүр”, — деп айттым. Жақсы өмір сүріп жатыр. Ол шақырса, анда-санда қонаққа да барамын. Сондықтан біз оны сіздерге бермейміз», — деді Лукашенко.
Ол Бакиевтің «туған елі үшін қатты сағынып, күйзелетінін» де қосты.
«Маған әрдайым: “Әкемнің қабіріне болсын барып келгім келеді” дейді. Қырғыздардың өз президентіне әкесінің қабіріне баруға рұқсат бермеуі — масқара. Бұл мәселені қазіргі басшылықпен шешеміз деп ойлаймын», — деді ол.