Logo
Іздеу
Айдарлар

Қонаев, Назарбаев пен Тоқаевтың бірге отырған видеосы желіде тарап кетті (ВИДЕО)

/
Қонаев, Назарбаев пен Тоқаевтың бірге отырған видеосы желіде тарап кетті (ВИДЕО)
видеодан скриншот

Әлеуметтік желілерде жасанды интеллект арқылы жасалған тың форматтағы видео жарияланып, көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

IT маманы Еркінбек Таласбек дайындаған роликте қазақ тарихындағы белгілі тұлғалар бір пойыздың әртүрлі купелеріне орналастырылған. Автордың бұл ерекше эксперименті жұртшылық арасында қызу талқыға түсіп, түрлі пікірлер жазылуда. Әмбебап тұлғалардың бір кеңістікке тоғысуы көпшілікке әсерлі көрінгені соншалық, "қайсысын таңдар едің?" деген сұрақ көпшілікті ойландырған.

Видеоның алғашқы купесінде Қазақстанның саяси тарихында ерекше орын алатын Нұрсұлтан Назарбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев және Дінмұхамед Қонаев бірге отыр. Бір кадрда үш буын өкілін көру көптеген қолданушылар үшін тосын әрі қызық болған.

Келесі купеде Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Шәкәрім Құдайбердіұлы қатар көрсетілген. Желі қолданушылары бұл купені "руханияттың алтын шаңырағы" деп бағалап жатыр.

Үшінші бөлмеде Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және Абылай хан отыр. Пайдаланушылардың бірі бұл төрттікті "қазақ мемлекеттілігінің саяси мектебі" деп сипаттаған.

Соңғы купеде Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, сондай-ақ Ілияс Жансүгіров пен Сәкен Сейфуллин бейнеленген. Бұл есімдер қазақтың азаттық жолындағы күресін еске түсіріп, көпшіліктің ерекше ықыласын тудырды.