Logo
Іздеу
Айдарлар

Қонаев ұсынған, Назарбаев ұшырған: Тоқтар Әубәкіров туралы айтылмаған деректер

/
Қонаев ұсынған, Назарбаев ұшырған: Тоқтар Әубәкіров туралы айтылмаған деректер
ашық дереккөзден

1991 жылы 13 қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақ ССР Космостық зерттеулер агенттігін құру туралы" жарлығы шықты. Артынша сынақшы ұшқыш, Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіров пен майор Талғат Мұсабаевқа "Гагарин атындағы Орталық ғарышкер" деген арнайы куәлік тапсырылды. Комиссия шешімі бойынша Тоқтар Әубәкіров 2 қазанда ғарышқа ұшатын болды.

Атап айтатын жайт – ғарышқа ұшатын қазақ іздеу Қонаевтың тұсында басталған еді. Қонаев алғаш рет 1976 жылы Тоқтар Әубәкіровке қолқа салған, кейін де бірнеше рет ұсынған. Бір жағынан Тоқтар Әубәкіровтың әскери сынақшы ұшқыш оқуына түсуіне жәрдемші еткен де – Қонаевтың өзі. Алайда Тоқтар Әубәкіров сирек кездесетін мамандығымен соңғы үлгідегі ұшақ сынайтын беделді жұмысын тастағысы келмеген. Сонда жүріп 1988 жылы Кеңес Одағының батыры атағын да алған.

Дегенмен, заман өзгерді, Қазақстан билігіне Назарбаев келді. Назарбаев та Тоқтар Әубәкіровке ұсыныс жасаған. Онымен қоймай, толық келісім алмастан бұрын Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшады деп айтқан да жіберген. Сосын Тоқтар Әубәкіров дереу шақыртқан.

"Кіріп, біраз ашуланып сөз айттым. "Бұл дұрыс емес. Біріншіден менен сұрау керек еді: мен барамын ба, бармаймын ба?! Енді халықтың алдында сіз де өтірікші болдыңыз, мен де өтірікші болдым. Мен ешқайда бармаймын. Маған керегі жоқ", – дедім. Ол кісі: "Тоқтар, білесің бе, бұл нәрсе маған да керек емес. Мен президентпін, ғарышкер бар ма, жоқ па, бәрібір. Бірақ 30 жыл қазақ халқы өз өкілі қашан ұшады деп күтіп отыр. Біздің Байқоңырдан кім ұшпады?! Айтшы маған", – деді. Ол кісі (Назарбаев – ред.) сөзге шебер еді. Айтатын сөзін тез тауып алатын. Мен отырып қалдым", – деді Тоқтар Әубәкіров.

Осылайша Тоқтар Әубәкіров небәрі жарты жыл жаттығып, 2 қазанда ұшуға дайын болды. Тоқтар Әубәкіров ұшатын күні Назарбаев Одақтас Республика басшыларының бәрін қонақ қылып шақырған еді. Байқоңырға 13 Республика басшысын ертіп барған. Байқоңыр маңындағы ауылдарда киіз үй тігіп, ғарышкерлерге арнайы дастархан жайып, шапан жапты. Сыр өңірінің 90 жастағы ақсақалы Тоқтар Әубәкіровке ет асатқысы келді. Алайда дәрігерлер ғарышқа барарда ет жеуге болмайды деп тыйым салды. Тоқтар Әубәкіров Мәдидің әні "Қарқаралыны" орындап, ғарыштан сәлем жолдауға уәде берді. Ғарыштан Қазақстан туын желбіретіп, Байқоңырдың топырағын, ойыншық ақбота, МИК-29 ұшағының макетін көрсетті. Осы сәтте Қазақстан билігі күткен нәрсе болмай қалды. Қазақстан атынан ғарышта көрсетілуі тиіс заттардың кейбірі жоқ боп шығады. "Егеменді Қазақстанның" жазуынша, жоғалған заттардың ішінде Назарбаевтың да портреті болған... 

Асылхан МАМАШҰЛЫ,

"Қилы кезең" деректі фильмінің 9-бөлімі.